ЖАНЫҢДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ
(А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының дене-шынықтыру пәнінің мұғалімі Тілешова Майда Қазалқызы туралы бір үзік сыр)
Әркімнің ата-анасы, отбасынан кейін қоғамдық өмірге, білімге бағдарлайтын, тәрбиелейтін жетекші тұлғасы – ұстаз. Қай заманда да ұстаз – шәкірт үшін үлгі-өнеге. Бүгін біз осы мақаламызда өнегелі ұстаздардың бірі –Тілешова Майда Қазалқызы туралы әңгіме өрбітеміз.
Мінезі сабырлы, ойы терең, орнықты, атқарған ісі тиянақты. Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшелендіріп тұрады. Оның қайсар мінезі, қазақи ақжарқындығы мен қызметіне деген адалдығы әріптестеріне үлгі боларлық.
Майда Қазалқызы 1979 жылы Қарағанды педагогикалық институтының дене тәрбиесі бөлімін ойдағыдай аяқтап, осы жылы Қарағанды қаласындағы №65 мектепте ұстаздық еңбек жолын бастады. Жас ұстаз алғашқы қадамынан-ақ өзінің іскерлігі мен ізденімпаздығын таныта білді. 1997 оқу жылынан бері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясында ұстаздық еңбегін жалғастыруда.
Ұлағатты ұстаздың мектеп оқушыларының салауатты өмір салтын сақтау мен дене тәрбиесімен айналысуға ықпал жасаудағы еңбегі зор. Оқушылары спорттың әр түрінен қалалық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізді.
Ұстаздық дарын үздіксіз ізденіс көрігінде шындалса ғана, оқушы санасында ұстаз қалдырған із ұзақ сақталмақ. Олай болса, Майда Қазалқызының оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулудағы еңбегі де ерекше. Атап айтсақ, «Қара жорға биі», «Қазақтың ұлттық ойындарының адамның денсаулығына пайдасы» жобалары жүлделі орындарға ие болды. Ізденімпаз ұстаз қалалық, облыстық, республикалық конференцияларға қатысып, мақалаларын жариялап отырады.
Ұстаз салған сара жолмен жүріп, ұстаз көрсеткен бағытпен қияға қанат қағатын шәкірттер өз биіктеріне көтеріліп, қоғамнан орын алып, елі мен жерін көркейту жолында еңбек етуде.
Құрмет пен қошеметке лайық ұлағатты ұстаз Майда Қазалқызының шәкірттері де қоғамның сан саласын бағындырып, елдің, қоғамның мақтанышына айналды.
Майда Қазалқызы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясында жиырма жылдан аса еңбек етіп отыр. Мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласады. Осы уақыт аралығында - мектептің кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін атқаруда.
Ол үнемі мектеп ұжымымен, мектеп әкімшілігімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Ұстаздар қауымының құқықтары мен мүдделерін қорғап, материалдық көмек берумен қатар, кәсіподақ мүшелерімен әлеуметтік-мәдени және спорттық іс-шаралар өткізуде шеберлігімен көзге түсуде. Ізденімпаз ұстаз мектеп ұжымын спорттық және мәдени іс-шараларға үздіксіз дайындап, көпшілік құрметіне бөленді. Майда Казалқызы басқарып отырған кәсіподақ ұжымы жыл сайын марапатқа ие болуда. Атап айтсақ, қалалық, облыстық кәсіподақтың өткізіп отырған сайыстарына қатысып жоғары нәтижеге ие болды. Әрине, бұл кәсіподақ басшысының іскерлігі мен табандылығы арқасында келетін жеңіс.
Ұстаз – ұлы тұлға. Ал, оның еңбегі - баға жетпес құндылық. Жарты ғасырға жуық саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздық және кәсіподаққа сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, айтарлықтай құрметке бөленуде. Облыстық, қалалық білім бөлімінің құрмет грамотасымен, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Биік белестерді бағындырып, асқақ абыройға бөленген ұлағатты ұстаздың ерен еңбектері лайықты бағаланып, тиісті марапаттардың табысталуы заңды.
С.Күлпейісова,
А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Қарағанды қаласы.