АҒА ҰРПАҚҚА ҚАМҚОРЛЫҚ
Қария - ағып жатқан дария, телегей теңіз іспеттес. Теңіздің тұнығы, дарияның тазалығы қандай болса, біз де қазыналы қарттарымызды сондай деп білеміз. Ұлағатты ардагерлеріміз - халықтың тұнып тұрған хаты. «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөз осыдан қалса керек-ті.
Ардагерлеріміздің өмірлік тәжірибелері, ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдарының орны біз үшін бөлек. Еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестері мен еңбектері ерен. Еңбектерінің зейнетін көріп отырған шақта, ізіндегілерге бойындағы таным-тағылымын сіңірген ардақтыларымызға қандай құрмет жасаса да жарасымды.
Қызылорда облыстық ұйым төрайымы Гүлнар Бабабекқызы білім саласы ардагерлерін қабылдап, алдыңғы буын аға-апаларымызға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ұлағаттыларымызбен пікір алмасып, ұйымның алдағы жоспарларымен бөлісті. Дәстүрге сәйкес сый-құрмет көрсетіп, ардагерлеріміздің ақ батасын алдық. Мереке қарсаңындағы жылы жүздесуге «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мақсұт Ыбырайханұлы арнайы қатысып, ұлағатты ардагерлерімізге ыстық ықыласын жеткізді.
Алдағы уақытта мерекелік құттықтау барлық аудандарда жалғасын табатын болады.
Қарты бар ел - бақытты ел, байыпты ел. Қай кезде де, небір сын сағатта да халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз аман жүрсін, ұрпағының қуанышына бөленсін!
Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы
-
Фотографии
-