ҰСТАЗДЫҚ-ӨЛШЕНБЕЙТІН ҰЛЫ КӘСІП
Ұстаз – ұлы тұлға. Ал оның еңбегі – өлшеусіз, баға жетпес құндылық. Ол – әрі ғалым, әрі шешен, әрі көшбасшы. Ұстаз – мейірім, махаббат, сүйіспеншілік, жанашырлық сезімдерінің көрігі.
Ұстаз – білім беру сапасын арттыру саясатын тікелей жүзеге асырушы. Ол – мемлекетімізді құрметтеу жауапкершілігін шәкірттеріне жеткізіп дарытушы. Осындай үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған мамандық иелері қашан да құрметке лайық.
Мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы жылдағы игі дәстүр бойынша бір топ ұстазды құттықтады. «Ұстаздық-өлшенбейтін ұлы кәсіп» атты шара онлайн форматта ұйымдастырылды. Білім беру жүйесіндегі жемісті еңбегі, педагогикалық шеберлігі және жаңартылған білім беру технологияларын дамытудағы шығармашылық жетістіктері үшін 52 мұғалімге облыстық білім кәсіподағы мен білім басқармасының бірлескен алғыс хаты мен шипажайға жолдама тарту етілді.
Ұстаздар күзгі каникулда «Мерке» шипажайында дем алып, денсаулықтарын нығайтатын болады. Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Ақтөбе облыстық ұйымының төрайымы Раушан Серікова педагогтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ұлт болашағы үшін атқарып жатқан игі қызметтеріне табыс тіледі:
«Ұстаз-ұлағатты ұғым, тағылымы терең өнер. Ұстаз- әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшыратын ерекше жан. Егеменді еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында десек, баланың бойына ұлттық құндылықтардың дәнін сеуіп, тәуелсіздігі мен бірлігі жарасқан еліміздің азаматтарын қалыптастырып өсіру— ұстаздарға жүктелген маңызды міндет. Ал осынау мәртебелі мамандық иелерінің мүддесін қорғау, құқықтарының тапталмауына жол бермеу, біздің, яғни білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұдайы назарында болмақ. Кәсіби мерекелеріңіз тағы да құтты болсын. Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға береке-бірлік тілеймін! Мерейлеріңіз үстем, абыройларыңыз асқақтай берсін, ұстаздар»,- деді ол.
Шараға, сонымен қатар, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Н.Бертілеуова, , облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Д.Жаманбаева қатысып, ұстаздарға жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты рәсімнен соң, марапатқа ие болған мұғалімдер үшін Watsapp желісінде ортақ чат құрылды. Бұл жерде қоғамдық бірлестік заңгерлері құқықтың кеңес беріп, педагогтардың сауалдарына жауап береді.
Айта кету керек, мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында облыс бойынша 300-ден астам ұстаз білім кәсіподағының марапатына ие болды.
-
Фотографии
-