ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК
Ұстаз – ұлт пен ұрпақ үшін қасиетті ұғым. Сол үшін де ұстаздарға құрмет көрсетіп, үздіктерін марапаттау ежелден дәстүрге айналған. Сондай игілікті шараның бірі Тараз қаласындағы «Баласағұн» атындағы орталық концерт залында өтті. «Қалдырған ізің мәңгілік...» тақырыбындағы мерекелік іс-шараға аймақтың үздік ұстаздары, білім саласының ардагерлері, мекеме басшылары мен салалық кәсіподақ өкілдері қатысты.
Салтанатты шара білімді де саналы, парасатты азаматты тәрбиелеуде мұғалімнің еңбегі орасан зор екенін көрсететін А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері сахналаған қойылыммен ашылды. Бұдан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ұстаздарды құттықтап, болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісінде жемісті еңбек етіп келе жатқан бір топ мұғалімдерді марапаттады.
- Мұғалім мамандығы – қай кезде де құрметті және мәртебелі. Сіздер еліміздің болашағы үшін еңбек етудесіздер. Сіздердей ұстаздардың ерен еңбегінің нәтижесінде жамбылдық оқушылар түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Мемлекет қандай жағдайда да білім саласын қолдаудан танған емес. Мұғалімдерге үлкен үміт артылады, өйткені олар ел ертеңі – бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуде. Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын және кәсіби салада жаңа белестерді бағындыруларыңызды тілеймін, - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы ең алдымен жуырда ғана республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы атанып, 2 млн. 917 мың теңге сыйақы сертификатының иегері атанған жамбылдық ұстаздарды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Олар, Сандуғаш Нұртаева– Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының химия пәнінің мұғалімі; Нұрлан Суанбеков – Облыстық дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының география пәнінің мұғалімі; Мөлдір Рахметқұлқызы– Байзақ ауданы, Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның химия пәнінің мұғалімі.
Сонымен бірге, салтанатты шарада осы конкурстың облыстық кезеңінің 7 жеңімпазына 875 мың теңгенің сертификаты және облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Ал облыстың мектепке дейінгі, қосымша және арнайы білім беру ұйымдарының 8 педагогы мен әдіскеріне 100 мың теңгелік сертификат табыс етілді.
Мәдени шара барысында шәкірттер санасына білім сәулесін шашып, шырақ отын маздатып жүрген құрметті де аяулы ұстаздардан бөлек бүгінде зейнетінің бейнетін көріп отырған білім саласының барша ардагерлеріне де үлкен құрмет көрсетілді. Жиын соңы ұстаздар қауымына арнап К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы.
-
Фотографии
-