АҚТӨБЕДЕ КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ БАСТАУЫШ ҰЙЫМ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Кәсіподақ өкілдері «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығында болды.
Шара ел егемендігінің 30 жылдық мерейтойы және Кәсіподақтар мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды.
Кездесуге Ақтөбе облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев , салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова, облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев және облыстық кәсіподақ ұйымының заңгері, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маманы Нұрлан Жетпісбай қатысты.
Айта кетейік, «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы 4 жыл бұрын ашылған болатын.
Мұнда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мамандық таңдап, еңбек етіп, баспаналы болғанша тәрбиеленеді. Қазіргі таңда 98 жас тұрғын үй кезегінде тұр. 106 тәрбиеленушісі «Отбасы банкінің» салымшысы.
Тәрбиеленушілерге баспана алуға түрлі мекемелер қайырымдылық көмек қолын созып, 22 бала үйлі болған, 70-тен астамы несиеге пәтер алған.
Орталықтың бастауыш кәсіподақ ұйымына 60 адам мүше. Бастауыш кәсіподақ ұйымы мен Орталық әкімшілігі ұжымдық шарт негізінде жұмыс жасайды. Кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделері ҚР Еңбек кодексі, ҚР «Кәсіподақтар туралы» Заңының және Ұжымдық шарттың аясында қорғалған. Бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ мүшелерінің жазғы еңбек демалысында шипажайларда емделіп-демалуына көңіл бөледі. Қызметкерлердің жыл сайынғы медициналық тексеруден өтуі жұмыс беруші есебінен шешілген.
Кездесу барысында кәсіподақ өкілдері кәсіподақ тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, орталық қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді. Одан соң белсенді кәсіподақ қызметкерлерін аумақтық кәсіподақтар орталығы, облыстық білім кәсіподағы атынан алғыс хатпен марапаттап, қаржылай қолдау көрсетті.
-
Фотографии
-