«ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, БАСТАУЫШ ҰЙЫМ?»
Биыл бастауыш кәсіподақ ұйымының жылы. Осы бағытта өңірлерде кездесулер, семинарлар, түрлі шаралар ұйымдастырылды. Кәсіподақтың негізі болған бастауыш ұйымдардың жағдайымен танысу мақсатында бүгін «Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы» ҚБ-і І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті кәсіподақ филиалының еңбек ұжымымен кездесу өтті.
Онлайн режимде өткен жиынға ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төраға орынбасары Нұрлан Утешов, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева, Алматы облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов, Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов, жоғарғы оқу орнындағы кәсіподақ мүшелері қатысты.
Шараны Алматы облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов ашып, жүргізді. І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма мүшесі - жастар саясаты жөніндегі проректор, з.ғ.к., профессор Сериев Болат Абдулдаұлы сөз алып, оқу орнының бүгінгі келбетін баяндап, кәсіподақ филиалымен бірлесіп атқарылған жұмыстарды атап өтті.
Ал, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті кәсіподақ филиалының төрағасы Ерлан Хаймулданов бір жыл көлемінде жасалынған жұмыстарды саралап, баяндама жасады. Құрамында 765 мүшесі бар ұйым еңбек адамының заңды құқықтары мен әлеуметтік мүддесін қорғау, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу мақсатында университет басшылығымен 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық шартқа қол қойғанын айтып, түскен өтініштер уақытында шешімін тапқанын жеткізді.
Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерінің денсаулықтарын нығайтуға арналған жұмыстар қарқынды жүргізілгенін баса айтып, Балқаш көлінде орналасқан «Құлыншақ», Алакөл көлі аумағында орналасқан «Ақши» демалыс аймақтарына кәсіподақ мүшелерінің демалғанына және «Сарыағаш», «Жаркент-Арасан», «Қаратал», «Көктем» сауықтыру орындарына жолдамалар берілгеніне тоқталды.
Университет басшылығымен бірлесіп, ауқымды шаралар ұйымдастырып, белсенді қатысушыларға кәсіподақтан ынталандыру сыйлықтары табыс етілгенін, өткізілген шаралардың уақытылы бұқаралық ақпарат құралдарына шығарылғанын хабардар етті.
Кездесу барысында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мақсатқызы білім саласындағы оң өзгерістерді талдап, 2020 жылы жұмыстан заңсыз шығарылған 63 адам кәсіподақтың ықпалымен жұмысқа қайта қабылданғанын, жалпы Салалық ұйым тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында ең төменгі жалақыны 60 000 теңгеге көтеру қуантарлық жағдай екенін, саладағы кіші қызметкерлер, кітапханашылар мен медбикелерге көрсетілген әлеуметтік қолдауды атап өтті.
Шараны қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төраға орынбасары Нұрлан Утешов облыс көлемінде атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, кәсіподақ өкілдеріне алғысын жеткізді.
Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-