ҰЛТЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰСТАЗ
Ағымдағы жылдың 7 қыркүйек күні Атырау облыстық Кәсіподақтар үйінде КСРО Халық мұғалімі, Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалімі, Еңбек Қызыл Ту, Парасат ордендерінің иегері, Атырау облысы және Махамбет ауданының Құрметті азаматы Құсиын Айтқалиевтың өмірі мен еңбек жолына арналған «Халық мұғалімі» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Аталған шараны Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы Қ.Сүндетұлы кіріспе сөз сөйлеп ашты: – Сіздердің қолдарыңызға тиіп отырған кітап есімі аңызға айналған Қ.Айтқалиевтың өмірі мен қызметіне арналып отыр. Ұлы ұстаздың алдынан білім нәрін игерген, тәлімгерлік тәрбиесін көрген, дара мектебінен шеберлік тәлімін үйренген, бойындағы асыл қасиеттерін алған шәкірттері мен көз көрген әріптестері, ауылдастары толғана сыр шерткен естеліктері жинақталды. Түрік ғалымы Жалаладин Румидің: «Жақсы адамның қабірін жердің бетінен іздемеңдер, ол өзінің туған халқының жүрегіне жерленеді» деген сөзі нақ осы тұста айтылғандай болып көрінеді...».
Кітапты қолына алған ҚР білім беру ісінің үздігі, А.Алдабергенқызы тебіріне сөз сөйлеп: – Мен Құсиын ағай тұратын кішкене Алға ауылында туып-өстім. 5 сыныптан бастап сол кісінің дәрісін тыңдадым. Жұрт мақтаған ұстаздың алдын көріп, шәкірті боп, білім алғанымды бұл күнге дейін мақтан етемін. Ол – қырық жылдан аса саналы өмірін қиындығы мен қызығы мол мамандыққа, жас ұрпақ тәрбиесіне арнап, ана тіліміз бен туған әдебиетіміздің нәрін шәкірт жүрегіне ұялатқан ұлағатты ұстаз. Ағайдың әріптестерінің, елдің, шәкірттерінің құрметіне бөленуінің сыры көп. Біріншіден, ұстаз – өз пәнін шексіз сүйетін, еңбекқор жан. Екіншіден, ол кісі тамаша әдіскер еді. Мен кейін сол өзім оқыған мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып, қызметке орналастым. Ол кісімен бір ұжымда иық тіресе жұмыс жасадым. Сонда ағайдың сан түрлі жақсы қырларын көріп, таңғалатынмын», – деді.
Білім саласының ардагері С.Ж. Сапанов Халық мұғалімі туралы естеліктерін айта келіп былай деді: «Менің бір есімде қалғаны мектептің педагогикалық кеңесіне сол кездегі Алға ауылындағы кеңшар директоры Н.Ауданов қатысты. Кеңшар директорының мектептің педагогикалық кеңесіне қатысуы, тәрбие жұмысына өз қарамағында жұмыс істейтін қызыметкерлері мен жұмысшылары, оқушылардың ата-анасы болып табылатындықтан араласып қолдауы да мектеп директорының жан-жақты жұмысы деп түсіндім».
Шара барысында «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы, Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, тренер А.Б. Сарсекенова, «Мәтен» біріккен кәсіпорнының бас директоры, Т.Байзақов, ардагер ұстаз А.Макеев, Педагогикалық шеберлік орталық тренері, ф.ғ.к. А.С. Тәжіғалиева, Қ.Айтқалиев атындағы республикалық атаулы мектептің мүшесі Б. Әубекерова, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Н.Төлегенов, Қ.Айтқалиевтың ұлы А.Айтқали және т.б. сөз сөйлеп, ұсыныс-тілектерін ортаға салды.
Осыдан кейін кітаптың тұсаукесер рәсімін жасау ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз А.Макеев пен Қ.Айтқалиевтың жан жары, Батыр ана Ж. Аманқызына берілді.
Бас қосудың соңында «Халық мұғалімі» атты кітаптың бірнеше даналары Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің және Алға селосындағы орта мектеп ұжымының кітапханаларына сыйға тартылды.
Атырау облысы білім және
ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
-
Фотографии
-