КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫНА ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен онлайн конференция өтті. Заңгерлер кәсіподақ көшбасшыларының сұрақтарына жауап беріп, құқықтық кеңес берді. ZOOM платформасында өткен шараға облыстық кәсіподақ активі мен 100-ге жуық бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты.
Алдымен облыстық білім кәсіподағы ұйымының төрайымы Раушан Серікова жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы баяндап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында айтылған басым бағыттарға тоқталды:
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында барлық саланы қамтып, шұғыл шешілуі тиіс мақсат-міндеттерді айқындап берді. Әдеттегідей, білім және ғылым саласындағы өзекті міндеттер Президенттің назарынан тыс қалмады. Жолдауда айтылғандай, урбанизация және демографиялық процестерге байланысты 2025 жылы мектептерде қосымша шамамен 1 млн орын қажет болады. Бұл мәселені шешу үшін 1 мың жаңа мектеп салынады. 2021 жылдың өзінде 200 мектепті ашу жоспарланып отыр. Педагогтардің біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылмақ. Мұғалімдердің біліктілігін қазіргідей бес жылда бір рет емес, үш жыл сайын бір рет арттыру көзделіп отыр.
Жолдау аясында халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын ынталандыру қадамдары артып, жеңімпаздарды дайындаған ұстаздар мен тәлімгерлерге тиісті біржолғы қаржылай сыйақы беру көзделген. Президент жетекші ғалымдарға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін көтере отырып, ғылыми зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін әзірлеуді тапсырды.
Елімізде білім саласына, оның ішінде 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысын арттыруға бюджеттен қаржы қарастырылып келеді. 2023 жылға дейін ұстаздардың жалақысы 2 есеге дейін өседі. Бұл жаңалықтан білім саласында жұмыс істейтін кітапханашылар, медицина қызметкерлері, техникалық персоналдар тыс қалған еді. Аталған мәселені салалық кәсіподақ күн тәртібінен түсірмей, ҚР Үкіметіне, министрліктерге бірнеше мәрте хат жолдаған болатын. Биылғы Жолдауда Президенттің бұл мәселеге назар аударғаны бізді ерекше қуантты.
Мемлекет басшысы аталған санаттағы қызметкерлердің жалақысы 2025 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 20 пайызға артатынын мәлімдеді.
Осы аталған міндеттер саладағы түйіткілді проблемалардың түйінін шешеді деген сенімдеміз. Біз Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойылған барлық міндетті іске асыру үшін жоспарлы және жүйелі жұмысты орындайтын боламыз»,- деді Р.Серікқызы.
Жиында салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы мен заңгерлер кәсіподақ көшбасшыларын толғандырған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Олардың тарапынан оқу жүктемесін бөлу, білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін кітапханашылар мен медицина қызметкерлерінің жалақысының артуы, ауыл мектептеріне келген жас мамандар көрсетілетін материалдық көмек және өзге де көптеген сұрақтар қойылып, мамандардың жауабы берілді.
-
Фотографии
-