БІЛІМ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ
Алғашқы қоңыраудың соғылуымен жаңа 2021-2022 оқу жылы басталды. Карантиндік шектеулерге байланысты араға 1,5 жыл салып оқушылар алтын ұя мектептеріне қайта оралды.
Жамбыл облысындағы 442 мектепке 240 мыңнан астам оқушы келсе, олардың 22 мыңнан астамы 1 сынып оқушылары.
Жамбыл облысы, Жамбыл ауданында орналасқан «Нұр Әлем» мектебі биыл өз есігін оқушыларға айқара ашты. Осыдан бес жыл бұрын ашылған білім ордасының табалдырығын биыл 86 бала аттап отыр.
Мектептегі Білім күніне арналған салтанатты шара мемлекеттік әнұранның орындалуымен басталды. Мұнан соң мектеп директоры Гүлсін Орынбаева ата-аналар мен оқушыларға сәттілік тілеп, жаңа оқу жылымен құттықтады.
- Құрметті ата-аналар, ата-әжелер мен оқушылар! Баршаңызды жарқын мереке – Білім күнімен құттықтаймын! Бүгінде мектепте 700 астам бала тәрбиеленіп, білім алуда. Мектепте бүлдіршіндер мен оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Осы мектеп балалар үшін құтты мектеп болып, балалардың армандары орындалып, егемен еліміздің ең білімді, білікті азаматтары болып шығатындарына сенімім мол, - деді мектеп басшысы.
Шараға қатысқан Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков пен «Мейірім» медициналық орталығының бас дәрігері Гүлчахра Маметова да салтанатты шараға қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, тілек айтты.
- Абылай хан бабамыздың «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген сөзі бар. Бұл сол заманда-ақ білімнің күші мен құдыретін білдірсе керек. Олай болса барша бүлдіршіндерді білім күнімен құттықтай отырып, оқуда озат болуға шақырамын. Балалардың зейінін ашатын ұстаздарға сарқылмас күш-қуат тілеймін!, - деген Ерұлан Мағзымбеков 1 сынып оқушыларына «Әліппе» мен «Букварь» тапсырды.
Салтанатты шара соңы мектептің өнерпаз оқушылары мен жас спортшыларының ұйымдастырған концерттік бағдарламасына ұласты.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы
-
Фотографии
-