БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ
Ағымдағы жылдың 18 тамыз күні «Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығы» АКБ Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы онлайн форматта өтті.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасарлары Гүлнар Жұмагелдиева және Нұрлан Өтешев, Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова, Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаев, сондай-ақ салалық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Кеңес отырысында Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Айгүл Есекенованың кәсіподақтар орталығының 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметі туралы есебі тыңдалды.
Бүгінде БҚО кәсіподақтар орталығы 10 салалық және 14 жергілікті, 1000-ға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдарын және 73000-нан астам кәсіподақ мүшелерін біріктіріп отыр. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі жастар саны – 20814 адам, әйелдер саны – 42869 адамды құрайды.
Әлеуметтік әріптестік аясында 2021 жылғы 29 сәуір күні Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, жұмыс берушілердің облыстық бірлестіктері мен кәсіподақтардың облыстық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған облыстық келісімге қол қойылып, бұл келісім үш тараптың бірлесіп жұмыс жүргізетін басты құжаттардың біріне айналды. Облыста әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялардың отырыстарында кәсіпорындардағы еңбек қатынастары мәселелерін кешенді қарау тәжірибесі жолға қойылған. Қазіргі таңда әр деңгейдегі үшжақты комиссиялардың 34 отырысы өткізілді, соның ішінде облыстық үшжақты комиссияның 7 отырысы өтті. Бүгінгі таңда еңбек қатынастарының өзектілігін ескере отырып, облыстық Үйлестіру Кеңесінің құрамы қайта қаралып, облыс әкімдігінің 2021 жылғы 23 шілдедегі № 142 қаулысына сәйкес, комиссияның құрамына облыстың ірі жұмыс берушілері енгізіліп, облыс әкімі төраға болып тағайындалды.
2021 жылдың 28 мамыр күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жанындағы Заң клиникасының аймақтық бөлімшесі Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығынан ашылды. Білім саласы бойынша бүгінгі күні клиникада 33 өтініш қаралып, 1 өтініш бойынша сотқа арыз дайындалуда. Жалпы жыл басынан бері облыстық кәсіподақ ұйымдарымен 800-ден астам өтініш қаралды. Оның ішінде еңбек заңнамасына қатысты, материалдық көмек көрсету бойынша, жалақы, біліктілікті арттыру жөнінде сұрақтар болды.
Отырыста сөз сөйлеген «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының облыстық ұйымы» БҚО қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Даупаев 2019-2020 жылдары білім беру ұйымдарындағы барлық мамандық бойынша мұғалімдерге қойылатын біліктілік талаптары ескерілмей отырғандығы туралы жазбаша және телефон арқылы өтініштер түскенін мәлімдеді. Бұл мәселе Салалық кәсіподақтың Орталық комитетінің төрайымы Айгүл Мұқашеваның тікелей Білім және ғылым Министрлігіне байланысқа шығуы және Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаевтың БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаевамен келіссөздер жүргізу нәтижесінде бұл мәселелер сотқа жеткізілмей бастауыш сынып мұғалімдеріне біліктілік талаптарына сәйкес еңбекақылары жоғары педагогикалық білімдері бойынша қайта есептелініп, еңбекақыларының айырмасы төленді.
Кездесу соңында Гүлнар Жұмагелдиева қатысушыларға ҚРКФ 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясы аясындағы Кәсіподақтар федерациясының қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді. Ол «Федерация барлық мүше кәсіподақ ұйымдарының өзара байланысын нығайту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізуде. Бүгінде ҚРКФ жұмысында бірлік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге үлкен мән беріледі», – деп атап өтіп, ол бірінші кезектегі міндеттердің бірі ретінде әлеуметтік әріптестікті нығайтуды және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылатынына тоқталды.
Атаулы шарада жергілікті «Aqjaıyq» телеарнасына білім саласының кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев биылғы жылы мұғалімдерді сауықтыруға 900-ге жуық жолдама берілгені және қашықтықтан жұмыс істеу кезінде мұғалімдерге өтемақылар төленгендігі жөнінде сұхбат берді.
БҚО БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ
-
Фотографии
-