КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ ИГІ ІСТЕР БАСТАМАШЫСЫ
Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданының орталығында орналасқан іргелі білім ордасы, Казталов мектеп - лицейі ұжымның бірлігі мен татулығы арқылы өзгелерге үлгі болып келеді. Соның бір тармағы – мектепішілік кәсіподақ ұйымы.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог - зерттеуші Набия Өтегенованың төрағалығымен кәсіподақ ұйымы аз уақыттың ішінде педагогтардың мәртебесін көтеруде зор ықпалын тигізіп, қайырымдылық істердің де басынан табылып үлгерді. Атап айтар болсақ, кәсіподақ тарапынан әр мерекеде, атаулы күндерде ұжымдағы ерлер мен нәзік жандылар, жас, ардагер мамандар, кіші қызметкерлер мен денсаулығы ерекше күтімді қажет ететін кәсіподақ мүшелері үшін материалдық қолдаулар көрсетіліп және ынталандыру сыйлықтары мен марапаттар табысталады.
Аталмыш бастауыш кәсіподақ ұйымы еліміздегі пандемия кезеңі басталғалы бері қайырымдылық шараларын көбейтті. Осы уақытқа дейін көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға азық - түлік кәрзеңкелерімен, онлайн оқу кезінде сол отбасылардағы балалар үшін смартфондар табыстап қолдау білдірді.
Сондай-ақ вирустың өршіген тұсында аудандық аурухана емделушілерінің көңілдерін аулап, қол ұшын созды.
Кәсіподақ ұйымы бірлестіктегі мамандардың құқықтық біліктілігін арттыру жұмыстарына, ұжымдағы еңбек адамының белсенділігіне ерекше назар қояды. Соған орай, «Педагог мәртебесі» заңының қолданылу аясын кеңейтуде облыстық, республикалық байқаулардан орын алған ұстаздарды қолдау мақсатында қаржылай сыйлық тағайындап, маман талабын ынталандырып келеді.
Мектепішілік іс - шараларды ұйымдастыруда кәсіподақ тарапынан қолдау көрсетіліп, қатысушы ұстаздарға демеушілік беріледі. Ардагер ұстаздар мен қызметкерлердің үй - жайларына барып, құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табыс етілді.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының ерекше ұстанымдарының бірі – ел демографиясына үлес қосқан ұжым мүшелеріне қаржылай көмек беріп, қолдау шараларын ұйымдастыру болып табылады.
Ұстаздар мен мектеп қызметкерлеріне қолдау білдіріп, ұжымның татулығына негіз болып отырған кәсіподақ ұйымының игі істері әлі де өз жалғасын табары сөзсіз.
-
Фотографии
-