МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының мәжіліс залында VІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Мейрамбек Төлепберген кәсіподақ активімен кездесті. Кездесуге салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен сала өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан жергілікті кәсіподақтың төрағасы Ерұлан Мағзымбеков кездесу мақсатымен таныстырып, мәртебелі мейманға сөз берді. Өз сөзінде Мейрамбек Төлепберген Мәжілістің өткен жартыжылдықта атқарылған жұмыстары, оның ішінде «Nur Otan» партиясы депутаттарының істері туралы ақпарат берді.
- Алты ай көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Заң шығармашылық қызмет нақты бағытта болды. Сенім биігінен көріну терең азаматтық, мемлекетшіл ұстаным және асқан жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Бұл тұрғыда депутаттар өз өкілеттігіне сай тындырымды қызмет атқарды. Қос палата депутаттарының қарауында 104 заң жобасы болды. Бүгінде олардың 63-і қабылданып, 58 заң жобасына Президент қол қойды. Қабылданған заңның барлығы да халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын жақсартуға бағытталған, - деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.
Кездесу нәтижелі пікір алмасу түрінде өтіп, қатысушылар депутатқа өз сауалдарын қойды. «Казфосфат» ЖШС кәсіподақ төрағасы Шахтыбай Байғанов еліміздегі азық-түлік бағасының асқақтап кеткендігіне тоқталып, Үкімет тарапынан бағаны тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты. «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының» Жамбыл облыстық филиалының заңгері Дина Орынбек сала қызметкерлерінің еңбекақы мәселесін көтерді. Білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков білім саласындағы педагог емес қызметкерлердің жалақысын арттырып, әлеуметтік мәселелеріне баса назар аударуды сұранды.
Кездесу соңында кәсіподақтың арасынан шыққан халық қалаулысы Мейрамбек Төлепберген кәсіподақ ұйымдарының еңбек адамының мәртебесін көтеру, әлеуметтік әділеттілікті орнату бағытындағы жұмыстарына сәттілік тілеп, жиында көтерілген мәселелердің тиімді шешілуіне белсенді атсалысатынына сендірді.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы
-
Фотографии
-