БІРЛІККЕ ҮНДЕГЕН КӘСІПОДАҚ
Кәсіподақ – еңбек адамдарының мүдделерін, еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік-экономикалық, құқықтық қолдау көрсететін басты ұйым. Елімізде болып жатқан түрлі жетістіктер мен жақсылықтарда кәсіподақ ұйымдарының қосып жатқан үлесі мол.
Кәсіподақтар әлеуметтік-еңбек қатынастары мен әлеуметтік серіктестік мәселелерін көтеруге және шешуге қабілетті қуатты және жасампаз қоғамдық ұйым. Қазіргі заманның басты тренді – әлеуметтік еңбек қатынастарын өзектендіру. Осы себепті кәсіподақтар жұмыс орындарының сақталуы, еңбекті тиімді қорғау, еңбекақыны уақтылы төлеу, өндірісте жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелерін жедел түрде шешуге қатысуы міндет әрі жауапты төл ісі болып қалыптасқан ұйым деп мақтанып айтуға болады.
Осы орайда, елімізге қиын сәттер кезі - төтенше жағдайда Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық кәсіподақ ұйымы індеттің басталғанынан бері тыным тапқан емес. Аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Баймұратованың бастауымен білім мекемелерінде жұмыс істеп жүрген әріптестерімізге демеушілік жасалып, жалпы саны - 3000 маска технология пәні мұғалімдерінің көмегімен тігіліп, таратылды. Пән мұғалімдеріне еңбектері үшін сыйлықтар берілді. «Біз біргеміз!» акциясы аясында әр мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының шешімдерін басшылыққа ала отырып әлеуметтік жағдайы төмен кәсіподақ мүшелеріне әлеуметтік пакет үлестіріп, көмек көрсетті.
Білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде қашықтықтан оқытуды жүзеге асыру мақсатында барлық 43 бастауыш ұйымға бір ноутбуктан берілді. Қосымша білім беру, білім беру ұйымдары және балабақшаларға кварц шамдар мен медициналық төсеніштер үлестірілді. «Меркі-Радон» шипажайына кәсіподақ ұйымының мүшелеріне 3 күндік демалыс ұйымдастырылды. Әр мерекеде кәсіподақ мүшелерінің атаусыз қалмағанын аудандық кәсіподақ ұйымының әлеуметтік желідегі парақшаларынан көруге болады.
Пандемия кезінде COVID-19-ға қарамастан кәсіподақ мүшелерінің талап-тілектеріне сай ұйымдастыру шараларын жалғастыруда еңбек етіп жатқан аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Баймұратова Айнұр Манатбекқызы, есепші Жанерке Алибаева, құқықтық инспектор Оразбаев Тимур Тлеуқабылұлының орны ерекше.
М.Сегізбаева,
№1 мектеп-лицейі кәсіподақ ұйымының төрайымы,
Т.Рысқұлов ауданы,Жамбыл облысы
-
Фотографии
-