БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА 100 ЖАСҚА ТОЛҒАН КӘСІПОДАҚ АРДАГЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Бүгінгі таңда, Батыс Қазақстан облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп – интернатында 100-ден астам қызметкер еңбек етеді. Аталмыш мектеп – интернаты қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымына 100 қызметкердің 99% - ы мүше. Олардың 38% - ын жастар құраса, қалғаны тәжірибелі, білікті орта, егде жастағы мамандар.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы – Ерлан Саханов өз сөзінде мектеп – интернатындағы кәсіподақ құрылымы және жұмыс жоспары туралы таныстырып, ұжымдағы қызметкерлерге тоқталды. Оның айтуынша, облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты жанындағы бастауыш кәсіподақ ұйымы – өңірдегі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің кәсіподақ бірлестіктерінің ішіндегі жастық құрамы бойынша үлкені.
«Мен өзім 2003 жылы осы мектеп ұжымына келіп, алғашқы жұмысымды бастағанда таңқалғанмын. Себебі, сол кездің өзінде - ақ, қызметкерлері – өте білікті, тәжірибелі, белсенді болатын. Араға бірнеше жыл салып сол кездегі жас, белсенді мамандар, бүгінгі күні абыройлы қызметтерін аяқтап, зейнеткерлікке шығуда. Сондай мамандардың арқасында шығар, бәлкім, біздің кәсіподақ ұйымында ардагерлерге көрсетілер құрмет пен көңіл ерекше», - дейді бастауыш кәсіподақ төрағасы.
Еңбек саласындағы жұмысшының қауіпсіздігі, құқығының қорғалуы, маман талабының орындалуы, еңбектің лайықты бағалануы жолында белсенді үн қосып жүрген мектеп-интернаты жанындағы кәсіподақ ұйымы мен кәсіподақ мүшелері еңбек ардагері, кәсіподақ қозғалысының белсендісі, Ұлы Отан соғысының ардагері – Анастасия Чегныхаеваны туған күнімен құттықтады. Ерекше атап өтетіні де сол, Анастасия Чегныхаева 100 жасқа толды. Ардагер, мерейтой иесі - әндете мерекелеп келген кәсіподақ мүшелеріне өзінің алғыс, тілегін жеткізді.
Жыл басынан бері аталмыш кәсіподақ ұйымы Орал қаласында тұратын отыздан астам ардагерлердің үйіне барып, құттықтау шараларын ұйымдастырған.
БҚО КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ
-
Фотографии
-