КӘСІПОДАҚ ҚОЛДАУШЫ КҮШ
«Соңғы жылдары мемлекет тарапынан білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жақсы мүмкіндіктер жасалуда. Дегенмен бұл мүмкіндіктермен қатар жауапкершілік те ауырлауда. Әр қызметкердің жауапкершілігінің толық орындалуы үшін кәсіподақ ұйымы жан-жақты жұмыстар атқарып келеді», - дейді Орал қалалық №5 ЖОББМ кәсіподағының төрайымы Гүлсара Табенова.
Мектеп жанындағы кәсіподақ ұйымы 2009 жылы Гүлсара Сәрсенғалиқызы маман болып келгеннен бері жұмыс жасайды екен. «Ол кездегі кәсіподақ жұмысының құрылымы мен ауқымы мектеп қабырғасынан аса алмайтын, орталықтандырылмаған түрде ұйымдасқан еді» деп еске алады бірлестік жетекшісі. 2015 жылы
Бастауыш кәсіподақ ұйымы болып қайта құрылып, 2017 жылы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының құрамына кірді. Дәл осы жылы Гүлсара Табенова №5 ЖОББМ қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымына төрайым болып сайланып, кәсіподақ қозғалысының жаңашыл реформаларының жүзеге асырылуы жолында еңбек етті. Бүгінгі таңда құрамында 123 кәсіподақ мүшесі бар. Олардың 60%-ын жастар құрайды. Гүлсара Сәрсенғалиқызы жиырма жылдық еңбек өтіліне ие маман, мектеп кітапханашысы, кәсіподақ төрайымы. Ол өз сөзінде:
– Осы уақытқа дейін білім беру саласы мамандарының мәселелері (оның ішінде аз жалақы, қағазбастылық, әлеуметтік қолдау т.б) маманның жұмысына көңіл толмаушылық, салғырттық, күйзеліс сезімдеріне жол беретін. Қазір бұл мәселелер өте ұтымды шешімін табуда. Әсіресе, 2020 жылы шыққан ҚР «Педагог мәртебесі» туралы заң – сала мамандарына үлкен қолдау болды. Оның үстіне кезең-кезеңімен жалақы мөлшері артуда, әлеуметтік қолдаулар көбеюде, тиісінше қоғам алдындағы маманның жауапкершілік жүгі де ауырлауда. Бұл орайда кәсіподақ ұйымы қызметкерлердің еңбек қатынастарындағы шиеленістермен жолықпай, құқықтық сауаттылығын шыңдау, жұмыс барысында біліктілік сапасымен қатар күйзелістерге жол бермеу мақсатында қолдаулар көрсетіп келеді, - дейді.
Сонымен қатар, еңбек ұжымындағы көпбалалы қызметкерлерге, денсаулығында тұрақсыздықтар бар мамандарға кәсіподақ атынан материалдық көмектер көрсетіледі. Мереке күндері және жетістіктері үшін қызметкерлерге сыйақы тағайындалады. Тұрақты түрде сауықтыру шипажайларына жолдамалар табысталып, ұжымен бірге табиғат аясында демалыс күндер ұйымдастырылады.
БҚО КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ