АҚТӨБЕДЕ ҮЗДІК ТӘРБИЕШІЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ
Салалық кәсіподақтың Ақтөбе облыстық ұйымы 1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының педагогтарын марапаттады.
«Кəсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» атты дәстүрлі шара аясында бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелеу мен сапалы білім беру ісіндегі табысты еңбегі үшін 50 кәсіподақ мүшесі облыстық кәсіподақ ұйымы мен облыстық білім басқармасының бірлескен Алғыс хатымен марапатталып, оларға Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында орналасқан емдеу-сауықтыру орталығына жолдама табыс етілді.
Онлайн форматында өткізілген салтанатты шарада үздік тәрбиешілерді Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Ақтөбе облыстық ұйымының төрайымы Раушан Серікова құттықтап, жұмыстарына жеміс тіледі.
«Білімді, жан-жақты, қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Сондықтан бүгінде мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналып отыр. Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы десек, осы балабақшаның жүрегі-сіздер, тәрбиешілер! Бүлдіршіндерге бағыт- бағдар, тәлім-тәрбие беретін отбасынан кейінгі екінші анасы, сіздерсіздер! Еліміздің ертеңі- өскелең ұрпақтарымыздың болашағына, тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, маңызды миссия атқарып отырған сіздердің еңбектеріңізге алғысымызды білдіреміз»,- деді ол.
Салтанатты жиынға, сонымен қатар, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Г.Сүлейменова қатысып, марапат иелеріне жылы лебізін білдірді. Шара соңында қатысушылардың сұрақтарына жауаптар берілді.
-
Фотографии
-