«БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛА!» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ
Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған «Балаларға қуаныш сыйла!» атты акциясы жалғасын тапты. Кәмелетке толмаған жасөспірімдерді бейімдеу орталығына облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Төлепбергенов барып, балаларды мерекемен құттықтады.
Жасөспірімдердің әрекеті, олардың болашаққа деген көзқарастары жайында сөз қозғап, туындаған мәселе бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілгенін, әлі де қоғамның өзекті тұсына көңіл бөліп, оқушылардың мамандық таңдауда және жақсы білім алуына барынша қолдау таныту керектігін айтты.
Сонымен қатар аталған акцияның мақсатын айқындап, облыс көлемінде жүзге жуық көпбалалы кәсіподақ мүшелеріне түрлі ойыншықтар, азық-түліктер, тәттілер таратылғанын жеткізді. Қайырымдылық шарасы аясында Кәмелетке толмаған жасөспірімдерді бейімдеу орталығының жұмысымен танысып, бүлдіршіндерге қажетті деген құралдарды табыс етті.
Талдықорған қаласында орналасқан жасөспірімдерді бейімдеу орталығының директоры Ерлан Сансызбаевтың айтуынша, 2011 жылдан бері мемлекеттік мекеме қадағалаусыз, панасыз қалған және ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу жұмысымен айналысып келеді.
Бүгінгі күні орталықта қиын жағдайға тап болған 3 пен 18 аралығындағы 24 бүлдіршін тәрбиеленуде. 50 астам қызметкер жұмыспен қамтылған. Мереке қарсаңында балалар облыс орталығындағы көрнекті жерлерге саяхат жасап, қаланың тыныс – тіршілігімен танысқан.
Акция барысында орталықтың тәрбиеленушілері сөз алып, шара ұйымдастырушыларына алғыстарын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.
Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері
кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі