ҰСТАЗДАРДЫҢ ЕҢБЕКТЕРІ ЕЛЕНІП, ЖҰМЫСТАРЫ БАҒАЛАНДЫ
Кезекті оқу жылының аяқталуына байланысты Орал қалалық №40 жалпы орта білім беретін мектебінің әкімшілік ұжымы мен бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілігімен «Жұлдыздар шеруі» мерекелік құттықтау шарасы өткізілді. Шараның басты мақсаты – оқу жылын қорытындылау, жыл бойы табанды еңбек етіп, жетістіктерге жеткен білім беру саласы мамандарын құттықтау, еңбектерін бағалау. «Үздік цирфлық сабақ», «Үздік жыл тәлімгері-2021», «Үздік педагог» байқауларының жеңімпаздары кәсіподақ атынан ынталандырылып, мектеп әкімшілігінің сый - құрметіне ие болды.
Шара ұйымдастырушысы, аталмыш мектеп ұжымындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы – Азамат Садыров өз сөзінде:
– Еңбек ұжымындағы бірлікті, белсенділікті, жанашырлықты сақтау – кәсіподақ ұйымының басты миссиясы деп білемін. Себебі, көңілі көтеріңкі, жұмысына риза еңбек адамы – үлкен бір еңбек ұжымының атмосферасын жасайды. Бұл орайда, бастауыш кәсіподақ ұйымы әртүрлі мәдени, құқықтық, қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырып отырады. Әсіресе, кәсіподақ мүшелерінің ұсыныстарымен спорттық шаралар жиі өткізіліп тұрады. Ұжымдағы татулық пен жанашырлықтың арқасында ашықтық пен белсенділік ұстанымдары жақсы нәтиже беріп келеді, – дейді ол.
Бүгінгі күні Орал қалалық №40 ЖОББМ қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымында 103 кәсіподақ мүшесі бар. Кәсіподақ комитетінің тұрақты 5 мүшесінің бастамасымен жылдық жоспарға сәйкес дәстүрлі түрде еңбек ардагерлері, жас мамандар, әлеуметтік қолдауды қажет ететін көпбалалы ұстаздар үшін арнайы шаралар енгізіледі.
БҚО КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ
-
Фотографии
-