АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ҮЗДІК БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ АНЫҚТАЛДЫ
Ақтөбеде «Кәсіподақтың үздік бастауыш ұйымы» Республикалық байқау-сайысының облыстық кезеңі өтті.
Байқау кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін насихаттау, олардың жұмыс тиімділігін арттыру, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының білікті, белсенді төрағаларының қатарынан кадрлар резервін құру және еңбек ұжымдарында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Байқаудың облыстық кезеңіне барлығы 16 бастауыш кәсіподақ ұйымы қатысып, бақтарын сынады.
Сайыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқы бөлімде қазылар алқасы қатысушылардың құжаттарын жіті тексеріп шықты. Екінші бөлімде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары жүргізіп отырған жұмыстары туралы жан-жақты баяндады.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Әйтеке би ауданындағы Қ.Шаңғытбаев атындағы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы иеленді. Шалқар ауданының №6 орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы І-ші жүлделі орынға лайық деп танылды. 2 орынды Хромтау ауданына қарасты Бөгетсай мектеп-гимназиясының бастауыш кәсіподақ ұйымы мен Алға ауданының Бестамақ орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы бөліссе, үшінші орын Темір ауданы, Жансен Кереев атындағы орта мектебі, Байғанин ауданы, Баршақұм орта мектебі, Қарғалы ауданы «Бөбек» балабақшасы мен Хромтау ауданының №4 орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымдарына берілді.
Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының дипломымен және қаржылай сертификатпен марапатталды.
-
Фотографии
-