«КЕМЕЛ ЕЛДІҢ КЕМЕҢГЕР ТҰЛҒАСЫ»
Мұнайлы ауданы, Батыр ауылында орналасқан №10 жалпы білім беретін орта мектебінде тарих ғылымының докторы, профессор, Республикалық Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбайұлының 80 жылдығына арналған «Кемел елдің кемеңгер тұлғасы» атты әдеби-танымдық шара өтті.
Шараға ҚР «Құрметті азаматы», сәулетші Сайын Назарбекұлы, ардагер журналист Есберген Іңірбай, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ директоры Эльмира Қалиева, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Есен Күмісқалиев және облыс ұстаздары, кәсіподақ өкілдері қатысты.
Білім беру ордасында кемеңгер тұлғаға арналып жасақталған кабинет пен ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби шығармашылығымен сабақтастырыла жасақталған алаңның таныстырылымы өтті. Ұзақ жылдар бойғы білім саласында еңбек еткен өнегелі өмірінде Өмірзақ Озғанбайұлы жүздеген шәкірттер мен ұстаздардың көшбасшысы болды.
Мұғалімдер білімін жетілдіру, педагогтардың біліктіліктерін арттыру институттарында қызмет етіп, ағарту саласына өлшеусіз еңбек сіңірген оны барша қауым «Ұстаздардың Ұстазы» деп құрмет тұтады.
Ұстаздықтың ұлы туын шежірешілік, ғылыми-зерттеушілік сияқты шығармашылық, ізденушілік жұмыстармен қатар алып келе жатқан қаруы қарымд қаламгер, жазушы, ғалым Өмірзақ Озғанбайұлының 80 жылдығына орай, кемеңгер тұлғаның өмірі мен шығармашылығынан бейнефильм көрсетіліп, замандастары, ізбасарлары мен әріптестері сөз сөйлеп, мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты жиында ғалымның 5 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді.
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ директоры Эльмира Қалиева еліміздің білім саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстазды мерейтойымен құттықтап, ақ тілегін арнап, ел игілігі жолында атқарып жатқан еңбегіне табыс тіледі.
Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы атынан Мұнайлы аудандық кәсіподақ филиалының төрайымы Рита Нұржанқызы ардагер ұстазға қазақы оюмен көркемделген шапан және ұлттық домбыра аспабы салтанатты түрде табыстады.
Рухани азық алар керемет өнегелі шара болды.
Р. Текеева,
Мұнайлы аудандық кәсіподақ филиалының төрайымы.
Маңғыстау облысы.
-
Фотографии
-