КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫСЫ
Қайрат Ерболатұлы Биғожин – 2018 жылы «Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ-ның «Шет аудандық білім қызметкерлерінің кәсіптік одағының ұйымы» филиалының төрағасы болып сайланып, бүгінгі таңда кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау мақсатында белсенді қызмет атқаруда.
Әлеуметтік әріптестікті дамыту мақсатында аудандық жергілікті атқарушы органмен және аудандық білім бөлімімен әлеуметтік әріптестік туралы келісім жасасты. Барлық 63 бастауыш кәсіподақ ұйымдарында 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық шарттардың жасалуын қамтамасыз етті және Қарағанды облысының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасында тіркелуін қадағалады.
Қайрат Ерболатұлы кәсіподақ белсендісі ретінде аудан көлеміндегі кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында аянбай қызмет атқарып жүрген азамат. Мысалы, ұзақ жылдан бері төленбей келе жатқан ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлерге коммуналдық қызмет көрсетулерге шығыстарды жабуға және тұрғын үй-жайларды жылыту үшін отын сатып алуға арналған өтемақының мәселесін көтеріп, әлеуметтік әріптестіктің арқасын оң шешілуіне атсалысты. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін жүргізушілердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысын төлеу мәселесін көтеріп, жүргізушілердің азаматтық қызметшілер қатарына жататынын дәлелдеп, аталған жәрдемақыны төлеттіруге ықпал етті. Тағы да басқа мәселелерді аудан, облыс көлемінде көтеріп, оң шешілуіне атсалысып жүрген игі істері жетерлік.
Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстан бөлек ауданның көркеюіне де өз үлесін қосып келеді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап «Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ-ның «Шет аудандық білім қызметкерлерінің кәсіптік одағының ұйымы» филиалының ұйымдастыруымен Шет ауданын көгалдандыру мақсатымен ауданға 2000 түп қарағай, қайың, терек, қарағаш талдары отырғызылды.
-
Фотографии
-