КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Кәсіподақтың заңмен және жарғылық құжаттармен көзделген жұмыс бағыттарының бірі – сала өкілдері-кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауатын арттыру, саладағы түйткілдерді шешудің құқықтық әдіс-тәсілдерін меңгеру болып табылады. Осы орайда, санитарлық талаптарды сақтай отырып, Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағы аудан және қала деңгейінде құрылған Келісу комиссиясының мүшелеріне арналған «Еңбек даулары және оларды шешудегі келісу комиссияларының рөлі. Еңбек дауларын сотқа дейінгі және сотта қарау тәжірибесі» тақырыбында семинар өткізді. Қатысушылардың қатарында жұмыс беруші өкілдері - білім бөлімдерінің, білім беру ұйымдары мен мекемелерінің басшылары, сондай-ақ, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары болды.
Жергілікті Кәсіподақ ұйымының төрағасы Е.Мағзымбеков семинарды аша отырып еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы келіспеушіліктер орын алып тұратынын, осы орайда азаматтық құқықтарды қорғаудың соттан тыс нысандарын дамыту мақсатында Еңбек кодексінің талабына сай еңбек даулары алдымен Келісу комиссияларында қаралатынын айтып өтті.
- Қандай да бір мәселе туындаған немесе Келісу комиссиясының шешімі орындалмаған жағдайда ғана дау сотта қаралады. Яғни, тараптардың Келісу комиссиясына жүгінуі туындаған еңбек дауын сотқа дейін реттеу тәртібінің міндетті сатысы болып табылады, - деді Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Сәбенұлы.
Семинардың келесі сағатында Жергілікті кәсіподақтың құқықтық инспекция басшысы Б.Баймағамбетов Келісу комиссиясы қызметінің құқықтық негіздеріне тоқталды. Баяндамашы ҚР Еңбек кодексінің 159-бабы 4-тармағына сай Келісу комиссиясына түскен арыз берілген күні тіркелетінін, Келісу комиссиясы болмауы жағдайында еңбек дауын қарау мерзімі комиссия құрылғанға дейін тоқтатылатынын, мұндай кезде талап арыз беру мерзімі өтіп кетпейтінін айтып өтті. Сонымен бірге, комиссия дауды 15 жұмыс күнде қарап, тараптарға шешім көшірмесін үш күнде беруге міндетті екенін жеткізді.
Жиынға шақырылған Тараз қалалық сотының судьясы Ғ.Қамзиева ҚР Жоғарғы Сотының «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2017 жылғы 06 қазандағы №9 нормативтік қаулысына түсіндіру жүргізіп, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешудегі сот тәжірибесі туралы әңгімеледі. Судья Еңбек кодексі талаптарының сақталмауы, оның ішінде Келісу комиссияларында дауды негізді қарамау, ұжымдық шарт талаптарын орындамау тараптардың жауапкершілікке тартылуына әкеліп соғатынын, Келісу комиссиясы негізінен жалақы өндіру, жұмысқа қайта орналастыру, еңбекке үстемеақы төлеу сынды келіспеушіліктерге қатысты дауларды қарайтынын айтса, Жамбыл облыстық еңбек инспекциясының мемлекеттік еңбек инспекторы Е.Ибраимов еңбек қатынастары мен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары бойынша түсіндірме жүргізіп, семинар қатысушыларының сұрақтарына жауап берді.
Семинардың екінші бөлігінде Кәсіподақ заңгерлері Ә.Жолшыбекова мен А.Ыстыбаев «Келісу комиссиясын құру мен жұмыс тәртібі туралы және комиссияның іс құжаттарын рәсімдеу мен жүргізу тәжірибесі» тақырыбында лекция оқып, «Жеке еңбек дауын сотқа дейін шешудің тиімділігі» тақырыбындағы практикумда тыңдаушылардың алған ақпараттарын бекіте түсті.
Семинар соңында еңбек туралы және салалық заңнаманы, әлеуметтік әріптестік актілерін қолданудың бірқатар сұрақтарына арналған сұрақ-жауап сағаты өтіп, барлық қатысушыларға семинарға қатысқандығын растайтын куәлік берілді.
Б.Бекназаров,
Жамбыл облысы
-
Фотографии
-