ЕҢБЕК АДАМЫ ҰЖЫМДЫҚ ШАРТТЫ ТАЛДАУҒА ҚҰЛЫҚТЫ БОЛСА, ҚҰҚЫҚТАР ТАПТАЛМАЙДЫ
«Ауданымыздағы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің тегін медициналық тексеріске қол жеткізуі кәсіподақтың нәтижелі жұмыстарының бірі», - дейді Казталов аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Асыл Кенжеғалиева.
Казталов аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ бірлестігінің құрамындағы 42 бастауыш кәсіподақ ұйымына білім саласының 2500 қызметкері кәсіподақ мүшелігіне кірген.
Аудандық кәсіподақ ұйымы еліміздегі пандемиялық жағдайға тез бейімделіп, белсенділіктерін жоғалтпауға бар күш - жігерін салып, қызметкерлердің жұмыс өнімділігін сақтай білді. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде кәсіподақ ұйымының табанды жұмыстары аудан тұрғындарының назарына ілінген еді. Белсенді жетекшісі – Асыл Закарияқызының бастамасымен әлеуметтік осал топ өкілдеріне гуманитарлық, ақшалай көмектер көрсетіліп, кәсіподақ мүшелері мен ардагерлеріне ерекше көңіл бөлінген болатын.
«Сонымен қатар, еңбек қатынастарында да жұмысшылар тарапына шешілген бірнеше мәселелер болған еді. Оған дәлел – өзгеріске ұшырап, толықтырылған ұжымдық шарттар», - дейді бірлестік жетекшісі.
Қазіргі таңда, аудандық бастауыш кәсіподақ ұйымы мұғалімдердің жазғы демалыстарын тиімді өткізу және денсаулықтарына байланысты кейбір сала мамандарына сауықтыру шипажайларына жолдамалар беру шаралары аясында жұмыстар атқаруда.
- Білім қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұжымдық ахуалды жақсарту – басты миссиямыз және сол миссия жолындағы еңбегіміздің ақталып жатқандығы қуантады. Әрбір еңбек адамы ұжымдық шартты талдауға құлықты болса, құқықтары тапталмайды. Бұл - біздің ұжымдағы басты принцип, - дейді Асыл Кенжеғалиева.
БҚО КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ