АҚТӨБЕДЕ АЛҒАШ РЕТ ЖАС ПЕДАГОГТАР АРАСЫНДА КЕЙС ЧЕМПИОНАТ ӨТТІ
Ақтөбеде алғаш рет облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен кейс чемпионат өтті. «Онлайн білім беру жағдайындағы ұстаздар шеберлігі» атты шара ел егемендігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырылған.
Сайысқа Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі, Ақтөбе гуманитарлық колледжі, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледждерінің жас оқытушыларынан құралған командалар қатысты.
Чемпонат барысында жас педагогтарға арналып «Эмоционалды интеллект», «Команда құру» тақырыптарында семинар ұйымдастырылды. Тренингте облыс ұстаздары онлайн білім беру кезінде кездескен проблемаларды ортаға салып, оны шешудің жолдарын бірге айқындай отырып, тәжірибе алмасты. Ал командалық жарыс кезінде қашықтықтан оқыту мен тәрбие процесінің кемшіліктері, онлайн жағдайында педагогикалық практикаларды ұйымдастыру және өзге де түйткілді мәселелер талқыланды.
Чемпионатқа қатысушылар онлайн оқытудың олқылықтарын жою үшін қолданылатын жаңашыл идеяларын ұсынды.
Нәтижесінде Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің командасы үздік деп танылып, бас жүлдеге ие болды.
Бірінші орын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің еншісіне тиді. Ақтөбе гуманитарлық колледжінің жастары екінші орынды қанжығаласа, үшінші орын Көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжіне бұйырды.
Барлық қатысушыларға кәсіподақ ұйымы атынан қаржылай қолдау көрсетілді.
-
Фотографии
-