ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР АЙТЫСЫ ӨТТІ
Жыр додасы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған. «Ең бірінші бақытым...» республикалық студенттер айтысы осымен он бесінші мәрте өтіп отыр.
Айтысты ЕҰУ телерадио және қоғаммен кафедрасының меңгерушісі, белгілі айтыс ақын Серікзат Дүйсенғазы жүргізді. Қазылар алқасының құрамында Аманжол Әлтай (төраға), Дәулеткерей Кәпұлы, Иранғайып Күзембаев, Еркебұлан Қайназаров секілді танымал айтыскер ақындар мен университеттің кәсіподақ ұйымының төрағасы Мақсат Аралханов болды.
Айтыстың негізгі жүлде қорына қайырымдылық көмек көрсеткен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы жас ақындарға қаржылай сыйлықтар табыс етті.
Төрт сағаттан астам уақытқа созылған айтысқа қатысушыларға жүлделі орындардан бөлек арнайы алты номинация тағайындалды.
Аламан бәйге қорытындысында ІІІ орын Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Бабақұл Мұхитқа бұйырса, ІІ орын Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Фариза Жетпісбаеваға табысталды. І орынды Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі Төрехан Совет иеленді.
Айтыстың бас жүлдесін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Бексұлтан Орынбасаровқа Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрайымының орынбасары Әлия Әбиева табыстады. Ол өз сөзінде университетте жыл сайын өтетін ақындар сайысында Салалық кәсіподақтың жас таланттарды қаржылай қолдап келе жатқанын атап өтіп, айтыскерлерді марапаттарымен құттықтады.
-
Фотографии
-