БЕЙБІТ ЕЛДІҢ БАТЫРЫ
«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» - деп ұлы Абай айтқандай , ұстаздық жолды таңдау кез-келген адамға бұйырмаған бақыт шығар, сірә?! Мәртебелі мамандықты таңдап, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп отырған ұстаздардың бірі- Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Темірастау орта мектебінің мұғалімі Мұхтар Жарас Әбдіхайдарұлы.
Жарас Әбдіхайдарұлы сонау 1985 жылы Темірастау орта мектебін бітіргеннен кейін, әке жолын жалғастыруды мақсат етіп, ұстаз болуды армандап, Орал педагогикалық училищесіне оқуға түсті. 1986-1988 жылдары әскер қатарына алынып, Семей ядролық полигон аймағында, Аягөз қаласында екі жыл қызмет атқарды. Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін, оқуын жалғастырып, бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша диплом алып, еліне оралды.
Алғашқы еңбек жолын Ырғыз ауданының Қарақұдық балабақша мектебінен бастаған. Ол жерде Жарас жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеумен қатар қоғамдық жұмысқа белсене араласты. Өзінің музыкалық қабілетін көрсете отырып, түрлі шаралар, концерттер ұйымдастырумен көзге түсті. Жарас Әбдіхайдарұлы еңбек ете жүріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық университетінен география мамандығын меңгеріп алды.
Ол ұзақ жылдар бойы мектепке басшылық етіп, мектеп директоры, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Жарас Әбдіхайдарұлындай жігерлі, іскер, білікті ұстаздан тәлім-тәрбие, дәріс алған шәкірттер еліміздің әр қиырында еңбек етіп, қызмет атқаруда.
Сондай-ақ , Жарас ағамыз ауданға әуесқой сазгер ретінде танымал. Ол «Темірастау – ауылым», «Жаныс би – құтты мекенім», «Кездесу вальсі» сияқты көптеген әндердің авторы.
Бүгінгі таңда Жарас Әбдіхайдарұлы мектептің әлеуметтік педагогы және оқушыларға география пәнінен сабақ береді. Сонымен қатар, білім ордасындағы бастауыш кәсіподақ ұйымына төрағалық етеді. Кәсіподақ тарапынан мектеп мұғалімдері мен қызметкерлері түрлі деңгейдегі марапаттарға ұсынылып, еліміздегі емдеу-сауықтыру орталықтарында ем алып, денсаулықтарын нығайтып келді.
Жұбайы Бағдагүл екеуі екі қыз тәрбиелеп, бүгінгі күні немерелерінің қызығына кенеліп отыр. Жолдасы да білім саласында бастауыш сынып мұғалімі болып шәкірт тәрбиелеуде. Екі қызының екеуі де ата-анасының жолын қуып, ұстаздық жолды таңдаған. Жарас ағайдың білім саласына салған сара жолы, кейінгі ұрпаққа үлгі болары хақ!
М.Оспанов
Ырғыз ауданы,
Темірастау орта мектебінің мұғалімі.
Ақтөбе облысы.
-
Фотографии
-