ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
7 мамыр –Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан мен облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова соғыстың ауыртпашылығын көріп, тылда қажырлы еңбек еткен ардагерлерді, кейін саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздарды мерекемен құттықтады.
Облыстың бас ұстазы мен кәсіподақ төрайымы алдымен Сейіт Сүтемгенұлының шаңырағына бас сұқты.
Сейіт Сүтемгенов 1927 жылы Ырғыз ауданына қарасты Амангелді ауылында дүниеге келген. 1950 жылы Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетін үздік аяқтап, еңбек жолын қатардағы ұстаз болып бастаған. Кейін мектеп директорының тәрбие іс жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді. 1970 жылы тың игерушілер қатарында Әйтеке би ауданы, Қарашатау ауылына келіп, сол жердегі білім ордасына басшылық еткен. Әр жылдары Жабасақ, Ақтасты орта мектептерінде директор қызметін атқарды. Еңбек өтілі-46 жыл. Казіргі таңда ардагер ұстаз Ақтөбе қаласында тұрады. "Халық ағарту қызметінің үздігі" төсбелгісімен, «Еңбек ардагері», «Тың игерушілер» медалімен марапатталған. Ағартушы ұстаздың жолын бүгінде ұрпақтары абыроймен жалғастырып келеді.
Жеңісті жақындатуға еселі еңбек еткендердің бірі – Сапура Жәңгерейқызы. Тасқалиева Сапура Жәңгерейқызы 1934 жылы Ресей федерациясының Орынбор облысындадүниеге келген. Орал педагогикалық институтын бітіріп, еңбек жолын Браиловка орыс-қазақ мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастады. 1963 жылдан бастап Құмжарған орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, Құмжарған негізгі мектебінің директоры қызметтерін атқарды. Қажырлы еңбегі үшін медальдармен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
Әлеуметтік әріптестер өмір жолы ұрпаққа өнеге болған ардагерлерге алғыс білдіріп, зор денсаулық тіледі.
-
Фотографии
-