КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ АРДАГЕРЛЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ
Адамзат тарихына өшпес қара таңба салған 1941-1945 жылдарғы Екінші дүниежүзілік соғыс зардаптары басылып, Ұлы Жеңістің салтанат құрғанына биыл 76 жыл толды. Жастайынан ұрысқа қатысып, елі мен жері үшін ерлік жасаған боз балалар бүгінде абызға айналды. Ардагерлердің қатары сиреп, жасы ғасырға жуықтады. Осындай ұлы тұлғаларға құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың басты міндеті.
Осыған орай, Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы М. Төлепбергенов бастаған белсенділер білім беру саласында жұмыс істеген ҰОС мен тыл ардагерлерін мерекемен құттықтады.
Дәстүрге айналған шара Талдықорған қаласының тұрғыны Қаңтарбай Сәрсенбайды құттықтаудан басталды. Ардагер соғыс жылдарын есіне алып, 18 жасында әскер қатарына алынып, алдымен Аягөз қаласына кіші командирлерді дайындайтын 6 айлық курсқа, кейіннен офицерлер даярлайтын бір жылдық курсқа оқуға жіберілгенін айтып, Шығыс Пруссияны, Прибалтика, Польша жерлерін азат етуге қатысқанын жеткізді.
Ал, Көксу ауданындағы ҰОС ардагері Огнев Николай Иванович соғыс жылдары аяқталғаннан кейін білім саласына қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталғанын айттып, соғыстың салдарларын сөз етті.
Қар жастанып, мұз төсенген отты жылдарда, сыз окоптарда шыңдалған жауынгерлік достықтың, әр ұлт өкілдерінен құралған әскери құрамдардың қайталанбас ерлігі мен өрлігінің белгісіндей болған қос ардагерден кейін кәсіподақ өкілдері Ескелді ауданының тыл ардагері, 53 жыл білім саласында жұмыс істеген ұстаз Останина Фаина Константиновнаның тұрмыс жағдайымен танысты.
Облыстық ұйымның төрағасы М.Құлмұханұлы ардагерлердің білім саласына сіңірген ерең еңбектері, ұрпақ алдындағы азаматтық борыштары жайында сөз қозғап, облыстық ұйымның атынан бағалы сыйлықтарын табыстады. Сала ардагерлері де алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-