ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІНЕ – ЕРЕКШЕ БАСЫМДЫҚ
Кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын сақтау, инфекциялардың таралуын болдырмау және жұқтыру қаупін барынша азайту мақсатында Жамбыл политехникалық жоғары колледжі қызметкерлерінің кәсіподағы бірқатар іс-шаралар атқаруда. Солардың бірі - Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған «Еңбек қауіпсіздігіне – ерекше басымдық» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысы.
Колледждің оқытушылары мен қызметкерлері қатысқан жиынды оқу орнының кәсіподақ төрағасы Д.Ахатаев ашып, атаулы күннің маңызы мен мазмұнына тоқталды. Кәсіподақ төрағасы биыл Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні «Алдын ала білу, дайындалу және дағдарысқа жауап беру – еңбекті қорғаудың тұрақты жүйесіне инвестиция салу» ұранымен өтіп жатқанын, бұл тақырып Сovid-19 пандемиясына байланысты дағдарыстық жағдайларға төзімді болу үшін еңбекті қорғау жүйесін нығайту және жетілдіру қажеттігінен таңдалғанын айтып өтті.
- Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Жергілікті Кәсіподақ арасында жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімде өндірістегі жазатайым оқиғалардың, кәсіптік аурулардың алдын алуға, еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауға, санитарлық-гигиеналық жағдайларға бағытталған еңбекті қорғау шаралары толық қамтылған. Дәл қазір, коронавирустық пандемия кезінде оқытушылар мен басқа да қызметкерлерді аурудан қорғау үшін бірігу қажет. Ұйымның кез-келген жұмыс режимінде, тіпті қашықтық болса да, өмір мен денсаулық мәселелері басымдыққа ие болуы керек, - деді кәсіподақ төрағасы.
Іс-шара барысында колледждің «Мұнай-газ технологиясы» ЦӘК окытушысы Н.Қайыпбекова «Пандемия жағдайында оқу орнындағы еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік пен өндірістік санитарлық талаптардың нормалары мен ережелері» тақырыбында баяндама жасады. Өз баяндамасын ақпараттық слайд және роликтермен толықтырған баяндамашы вирустың жұмыс орнында таралу қаупінен бастап, вирустың таралуын азайту шараларынан туындаған еңбек қауіпсіздігі мен адам денсаулығына байланысты барлық аспектілерге тоқталып өтті.
Мұнан соң Г.Ризабаеваның «Коронавирустың алдын алу шаралары мен шешімдері» және А.Садыкованың «Пандемияны тоқтату: жұмыстағы қауіпсіздік пен адам өмірін сақтап қалу» тақырыптарында баяндамалары тыңдалды.
А.Құрмашева,
Жамбыл облысы
-
Фотографии
-