ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ - БАСТЫ НАЗАРДА
«Еңбек қауіпсіздігі – басты мүдде». Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткен шара осы тақырыпқа арналды. Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күніне орай өткізілген онлайн-семинарға «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің бөлім басшысы Райхан Қыдырбаева, облыстық кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова, аппарат мүшелері, кәсіподақ көшбасшылары мен аймақтағы білім беру ұйымдарының педагогтары, барлығы 300-ге жуық адам қатысты.
Р.Серікова қатысушыларды мерекемен құттықтап, қоғамдағы еңбек адамының рөліне тоқталды.
«Еңбек адамы- мемлекеттің ең асыл құндылығы. Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бір бағыты- еңбек адамының құқығын қорғау, оның әрдайым еңсесінің биік, мәртебесінің жоғары болуын, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Мерекеге орай Салалық кәсіподаққа қарасты білім беру ұйымдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілдіп, еңбек қауіпсіздігін сақтау тақырыбында түрлі шаралар ұйымдастырылды»,- деді білім кәсіподағының төрайымы.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ бөлім басшысы Райхан Қыдырбаева еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі негізгі бағыттар жөнінде ақпарат берді.
Одан соң облыстық салалық кәсіподақ ұйымының маманы Н.Жетпісбаев еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің жұмысы туралы жан-жақты баяндады. Еңбек заңнамасын орындау, оны бұзған жағдайда қандай жауапкершілік көзделген, ҚР Қылмыстық кодексі, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің негізгі қағидалары хақында түсіндірді.
Қатысушылар тарапынан еңбек ақы төлеу, еңбек демалысын есептеу, декреттік демалыстан кейінгі жұмыс жүйесі, мектепке дейінгі мекемелерде еңбек ететін медицина қызметкерлерінің жалақысы, мұғалімдерді вакцинациялау сияқты көптеген сүрақтар түсті.
Педагогтарды толғандырған сан сауалға сала мамандары толымды жауап беріп, көтерілген өзекті мәселелерді қаперге алатынын жеткізді.
-
Фотографии
-