ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ТУРАЛЫ ҮШ ЖАҚТЫ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
«28 сәуір - Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні» қарсаңында Жезқазған қаласында 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Жезқазған қаласының әкімдігі, кәсіподақ бірлестіктері мен жұмыс берушілер қауымдастықтарының басшылары арасында үшжақты келісім жасалды.
Аталған әлеуметтік әріптестік туралы келісімге Жезқазған қаласының әкімі Қ. Әбсаттаров, «Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М. Қоңырбаев, Тау-кен металлургия кәсіпорындары және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің филиалы Жезқазған кәсіподақ ұйымының төрағасы А.Төлепбергенов, «Жезқазған аймағы кәсіпкерлерінің және өнеркәсіпшілерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар мен кәсіпкерлердің бірлестігінің атқарушы директоры Д. Жаманов қол қойды.
Бұл құжат әр үш жыл сайын жаңартылып отырады. Бұл жолы жұмыспен қамтуға, жұмыс орындарын сақтауға, қызметкерлерді әлеуметтік қорғауға баса назар аударылды. Пандемия жағдайында аталмыш алғышарттар бірінші орынға шықты.
«Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М. Қоңырбаев сөз сөйлеп, әлеуметтік әріптестік туралы үш жақты келісім жұмыс беруші мен жұмыскерлердің және жергілікті атқарушы орган арасындағы еңбек мәселелерін реттейтін маңызды құжат екенін баяндады.
Жаңа құжатта жұмысшы кәсіптерінің имиджін арттыруға, жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету, қызметкерлерді әлеуметтік қорғау және кепілдендіру, өндірісті қысқарту, кадрларды кәсіби даярлау және қайта даярлау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге баса назар аударылған.
Жезқазған қаласының әкімі Қ. Әбсаттаров әлеуметтік серіктестерге конструктивтілік пен жауапкершілік үшін алғыс айтты.
-
Фотографии
-