ТЕХНИКАЛЫҚ ИНСПЕКТОРЛАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
28 сәуір –Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Осыған орай, Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы "Дағдарысты алдын ала болжау, оған дайындалу және ден қою - тұрақты қауіпсіздік жүйелеріне қазірден инвестиция салу" тақырыбында онлайн семинар ұйымдастырды. Семинарға облыстағы білім беру ұйымдарының еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлары қатысты.
Кәсіподақ мүшелерінің біліктіліктерін арттыруға арналған семинарда облыстық ұйымның техникалық инспекторы Д.Шакенов өз сөзімен ашып, мерекенің маңыздылығына тоқталды. Білім беру ұйымдарындағы еңбекті қорғау жөніндегі инспектордың рөлі туралы толық ақпарат беріп, коронавирус инфекциясынан қорғанудың негізгі сақтық шараларын атап өтті.
Ал, Ескелді аудандық филиалдың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі инспекторы Р. Абдуллин тәжірибесімен бөлісті. Онда еңбек инспекторының іс номенклатурасына сәйкес құжаттарының жинақталу реті, түскен шағымдарды қарау барысы, толтырылатын актілердің үлгілерін көрсетті.
Сонымен қатар, кәсіподақ тарапынан еңбек инспекторларына ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтып, жыл сайын «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторы» байқауы ұйымдастырылатынын жеткізді. Осы байқауға барлық әріптестерінің белсенділік танытып, қатысуға шақырды. Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, сұрақтарына жауап алды.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-