28 СӘУІР - ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ КҮНІ
Атаулы күнге орай ZOOM платформасында «Дағдарысты алдын-ала болжап, оған дайын болу - қазірден бастап еңбекті қорғаудың тиімді жүйелеріне инвестициялау» тақырыбында Қызылорла облыстық білім беру ұйымдарының техникалық инспекторларымен семинар-практикум болып өтті.
Семинарды Салалық кәсіподақтың Қызылорда облыстық комитетінің төрайымы Гүлнар Есқалиева ашып, Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы негізгі бағыттардың бірі – білім және ғылым саласындағы еңбекті қорғау жағдайына ішкі бақылау тиімділігін жасау мен арттыру, өндірістік жарақаттың алдын алу, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын бұзушылығын анықтау жөніндегі жұмыс екенін атап, жауапты қызметте сәттілік тіледі. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін техникалық инспекторлармен бірлесіп атқарылған жұмыстарға тоқталып, өткен оқу жылындағы жетістіктерді айтып өтті.
Еске сала кетейік, өткен оқу жылында Шиелі индустриалды – аграрлық колледжінің техникалық инспекторы Әбдірахманова Гүлмира Ермаханқызы облыс жеңімпазы атанып, Республикалық ақтық сында да І орын иеленген болатын. Жеңімпазға Салалық кәсіподақтың «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторы» дипломы және 250 000 (екі жүз елу мың) теңге көлеміндегі арнайы Сертификаты табысталған болатын.
Әрі қарай семинар – практикум барысын облыстық ұйымның заңгері Ербол Жұбатқанов жалғастырып, «Дағдарысты алдын-ала болжап, оған дайын болу - қазірден бастап еңбекті қорғаудың тиімді жүйелеріне инвестициялау» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар қатысушыларға «Үздік техникалық инспектор» облыстық байқауының ережелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қосымша туындаған сұрақтарға тиісті жауаптар берілді.
-
Фотографии
-