КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
ZOOM платформасында өткен онлайн шараға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының кеңсе меңгерушісі М.Бейсембаева, Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Р.Серікова, аппарат мүшелері және 200-ден астам аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағасы қатысып, ұйымдастыру жұмыстарын атқарудың қыр-сырын меңгерді.
«Бүгінгі күні облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мен облыстық білім басқармасы арасында әлеуметтік әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Өңірдегі барлық білім беру мекемелерінде 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық шарттарға қол қойылып, маңызды құжат еңбек инспекциясында рәсімдеуден өтіп жатыр. Жалпы ұжымдық шарт жасасудың нәтижесінде қызметкерлер қауіпсіз еңбек құқығы, лайықты еңбек ақы және ақылы еңбек демалысы сынды игіліктерге қол жеткізіп келеді. Ұстаздардың құқығын қорғап, еңбек қатынастарын реттеуде, қызметкерлердің жұмыс уақыты мен еңбекақасын тиімді есептеуде ұжымдық шарттардың маңызы зор. Жаңадан жасалған ұжымдық шарттарға елдегі ахуалға байланысты өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Маңызды құжат алдағы уақыта да жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы байланысты одан әрі тереңдетіп, еңбек жағдайларын жақсартуға, мұғалім мәртебесін арттыруға етуге ықпал етеді»,- деді Р.Серікқызы.
Семинар барысында қатысушыларды Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының кеңсе меңгерушісі М.Бейсембаева кәсіподақ ұйымдарындағы іс жүргізу қағидаларымен таныстырды. Хаттамаларды толтыру, қаулы, арыз жазу сияқты маңызды құжаттарды орындаудың үлгілерін көрсетті.
Одан соң Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы А.Серімбетов бастауыш кәсіподақ қызметіндегі ұйымдастыру жұмысының негізгі бағыттарына тоқталды. Кәсіподақ жұмысы туралы нормативтік құжаттар, ұжымдық шарт, тексеру актілері, кәсіподақ мүшелігіне кіру жөніндегі арыздар, кіріс және шығыс құжаттарын тіркеу кітабы өзге де негізгі құжаттарды толтырудың үлгілерімен таныстырып, марапатқа, жипажайға және қайырымдылық көмекке ұсыныс беру тәртібі туралы түсіндірді.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан түскен сауалдарға облыстық кәсіподақ ұйымының төрайымы Р.Серікова және бас маман, құқықтық еңбек инспекторы А.Алимпиев «ҚР Педагог мәртебесі туралы» Заңына, Кәсіподақ жарғысына және басқа да құқықтық-нормативтік актілерге сүйене отырып, толымды жауап берді.
-
Фотографии
-