ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ - МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ
Бүгін Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен Текелі қалалық кәсіподақ филиалының активіне арналған семинар өтті.
Оған Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Р. Қыдырбаева, Текелі қаласының білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Дүкенова және колледж, мектеп, балабақша, қосымша білім беру мекемелерінің басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Бейнебайланыс арқылы ұйымдастырылған шараны Текелі қалалық филиалдың төрағасы А.Тұрсынғалиев ашып, қатысушыларды таныстырып, жергілікті ұстаздарға семинардың мақсатын нақтылап берді.
Ал, Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы М. Төлепбергенов 2021-2023 жылдарға арналған Ұжымдық шарттың маңыздылығына тоқталды. Облыс деңгейінде жыл басынан бері 238 бастауыш кәсіподақ ұйымы маңызды құжатты рәсімдеп, еңбек инспекциясына тіркегенін жеткізді.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Р. Қыдырбаева ұстаздардың құқықтарын қорғауда ұжымдық шарттың маңыздылығы артқанын және өткен жылы сала қызметкерлерінің жұмыс уақыты мен төленетін еңбекақыны есептеуде пайдасы тигенін баса айтты.
Сонымен қатар, қайтадан жасалып жатқан ұжымдық шартта елдегі ахуалға байланысты өзгертулер мен толықтырулар енгенін айтып, педагогтардың мәртебесін арттыруда Салалық кәсіподақтың атқарып жатқан жұмысы туралы ақпарат берді.
Ксіподақ өкілдері ҚР Заңдарына, кәсіподақтың Жарғысына және басқада нормативтік құқықтық актілерге сүйене отырып, семинарға қатысушылардың тарапынан туындаған сұрақтарға толық жауап берді.
Шара соңында ұстаздар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да құқықтық жұмыстарды жандандыруды ұсынды.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымы
-
Фотографии
-