ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ – ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІКТІҢ БАСТЫ ҚҰЖАТЫ
Қазіргі қәсіподақ ұйымдары жаңашылдықпен және жаңа заман талаптарына орай өз жұмыстарын қайта жаңғыртуда. Себебі, кәсіподақтар еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін кәсіби тұрғыда қорғауы тиіс. Еңбек адамын әлеуметтік және құқықтық қорғаудағы басты құжаттардың бірі – ұжымдық шарт болып табылады.
Жамбыл облысы Талас ауданының білім бөлімі мен Кәсіподақтың Талас аудандық комитеті арасында 2021-2023 жылдарға арналған Ұжымдық шарт жасалып, облыс әкімдігінің Еңбек инспекциясы басқармасынан мониторингтен өтіп, тіркелген болатын. Қазіргі таңда арнайы кестеге сәйкес ұжымдық шарт талаптарын түсіндіру, ондағы артықшылықтарды одақ мүшелеріне жеткізу жұмыстары қарқынды жүруде. Сондай кездесудің бірі Қаратау қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияда өтті.
Әлеуметтік әріптестік туралы ұжымдық шартпен таныстыру жөніндегі жиынға аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ұлан Раев, кәсіподақтың Талас аудандық комитетінің төрағасы Мадиярбек Мірәлиев және Талас ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы Әділ Смағұлов қатысып, ұжымдық шарт бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, соңынан сұрақтарға жауап берілді.
Аталған ұжымдық шарт арнайы кітап болып басылып, білім бөліміне қарасты барлық мекеме басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілеріне және кәсіподақ мүшелерінің танысуына қолжетімді болуы үшін әрбір білім мекемесі мен ұйымының кітапханасына бір данадан берілетін болады.
А.Туляева,
Талас ауданы, Жамбыл облысы