ҰЛЫ ДАЛА ТАРИХЫ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ
Әр заманның ұрпаққа қояр өз талабы, өз міндеті бар. Ел мәдениеті, мемлекетіміздің дамуы ұрпақтың уақыт талабына сай өмір сүруіне икемдейді. Ал еліміздің тарихын зерттеп, зерделеу, жас ұрпақтың бойына сіңіру бүгінгі таңдағы біздің қасиетті парымыз деп санаймын.
Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да осы мәселеге дұрыс бағытта жаңа леп бергендей. Біз ұлы елдің ұлы мұрагері екендігімізді келер ұрпаққа санасына сіңдіре кеңінен насихаттауымыз қажет. «Көптеген халықтар өз елінің елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин сияқты белгілі тұлғалар мен әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай сынды және басқа да ұлы тұлғалар шоғырын Ұлы дала дүниеге әкелді»,-деп жазады Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында. Сондай-ақ ол осы мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдерін» жаңғыртып, ашық аспан астында энциклопедиялық саябақ ашуды міндеттеген болатын. Яғни, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойып, ұлы даланың ұрпақтарына ұмытылмас тарих сыйлап, еліміздің тарихын жаңғыртудың өзгеше жолын ұсынған болатын. Осы ойдың өзі Қазақстанды дүниенің төрт құбыласына танытатындай идея емес пе?! Тарих дегеніміз ғұмыры ұзақ шексіз дүниенің әр күнінен ойып орын алатындай, алтын әріптермен жазылатындай тарихымызды, кешегіміз бен бүгінгімізді және ертеңгі жарқын күндерімізді өшпестей етіп тарих бетіне енгізу еліміздің еңкейген қариясынан еңбектеген баласына дейінгінің міндеті емес пе?! Олай болса, тарихқа қосатын үлкен үлесіміздің бастауы ретінде мына бір жеңісті әрі жемісті жүйелі жұмыстың нәтижесімен бөлісуге асықтым.
ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев жоғарыда аталған мақаласында төл тарихымыз бен мәдениетімізді жіктей келе, тарихи сананы жаңғырту мәселесін көтеріп, 6 бірдей жобаны ұсынған еді. Елбасының бұл мақаласы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы. Яғни «Тарихи сананы жаңғырту» бөлімінде ұлы даланың ұлы есімдерін жаңғырту көзделген. Осы орайда Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Көкпекті ауылында орналасқан «Көкпекті ЖББМ» КММ-сінде Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты аудандық көлемдегі іс-шарасы барысында қомақты да қоржыны сырға толы 4 бірдей кабинет ашылып, оқушысын да, оқытушысын да қуантты. «Туған өлке тарихын танытуды мектеп қабырғасынан бастау керек» деген ортақ ойды ұрпақ тәрбиесіне ұдайы ерекше мән беретін ұстаздар қауымы ұсынды. Аталған іс-шараға Бұқар жырау аудандық білім қызметкелерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Хамитова Эльвира Карибаевна, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жұмашев Рымбек Мұратұлы, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Мукушев Мерген Мейрамович, аудандық білім бөлімінің басшысы Айкенова Ардақ Уменовна, және мектебіміздің ардагер-ұстаздары және ауылымыздың Құрметті азаматтары қатысты. Бұл іс-шараның алғашқы бөліміндегі ұйымдастыру кезеңінде сөз кезегін алған өзім жауапкершілігі мол бүгінгі шара туралы қысқаша ақпарат беріп, өткенге зер салмай, болашақты болжауға болмайтындығын, тәлім алушының тәрбиесіне тікелей қатысы бар игі бастаманың салтанатты түрде ашылуына орай құттықтап келген барлық қадірлі қонақтарға алғыс білдірдім. Мерекелік кешті қос тілде жүргізген қос жүргізуші Алимжанова А.М. мен Аубакирова Г. Ж. келген қонақтарды «Бұқар жырау атындағы мұражайға» бастап келіп, сөз кезегін мұражайдың қыры мен сырынан сыр шертетін оқу-тәрбие ісінің орынбасарлары Жұмағұл М.А. мен Тофан М.В.-ға берді.
Жалпы, мұражай ол көненің көзін сақтап, кешегі мен бүгінгіні байланыстыратын алтын көпір, қазыналы қамба секілді. Сәйкесінше, төл тарихын танып-білем деушілер осында келіп, жәдігерлерді тамашалап, зерделейді. Тәрбие орынбасарлары мұражайдың ішіндегі барлық ақпараттар екі бағытта жиналғандығын, алғашқы бөлімде XVIII ғасыр әдебиетіндегі көрнекті жырау, атақты Абылай ханның ақылшысы болған, ірі тұлға Бұқар жырау Қалқаманұлы туралы мол ақпарат берді. Қазақ жыраулар поэзиясының алыбы Бұқар жыраудың мол мұрасының маңыздылығын, жыр-толғауларының қымбаттығы, асылдығы, оның өлмес те өшпес мирас болғандығын паш етті. Екінші бөлімінде «Тарих беттері сыр шертеді» тақырыбы да бірнеше кезеңдерден тұратындығы айтылды. Ортада орналасқан Қарағанды облысының сакралды картасында «QR KOД» көмегімен облыста орналасқан тарихи-мәдени мұралармен танысуға болады. Біздің ауылымыздың 1930 жылы «Қарағандыкөмір» қосымша шаруашылық комбинаты болып, кейіннен 1950 жылы №1 совхоз болып құрылғанынан, 1961 жылы Я.М.Свердловтың аты беріліп, 1993 жылдан бастап Көкпекті ауылы деп ауыстырылғанынан хабар берді. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» айдарымен берілген бұрышта Ұлы Отан соғысы жылдарында қан төккен майдангер-жауынгерлеріміздің тізімі берілді. «Біздің мектептің директорлары» бұрышы да мектеп басшыларының тамырын тереңге тартқан мектеп тарихынан сыр шертетін ақпараттармен жіті танысуға мол мүмкіндік береді. «Мектеп түлектері» бұрышы да мектеп қабырғасы қаланғаннан бастап жиналған фотодеректер арқылы қаншама буын өкілдерінің басын қосқан тамаша игілікті іс болды. «Мектебіміздің ұстаздар ұжымы» бұрышы да жалпы ұстаздар қауымы жайлы ақпарат береді. Сонымен қатар ортадағы үстелде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жауынгер-интернационалистер және олардың алған орден-медальдары жайлы ақпараттар жинақталған. Мұндағы әрбір фотосуреттің, жазылған мәліметтің, қойылған кітаптардың ерекше мағынасы бар және белгілі бір мақсатты көздейді. Яғни, мектеп қабырғасындағы шағын мұражайдан ауылымыздың өткен өмірін көруге болады. Ауылымыздың көркейіп, дамуына зор үлес қосқан тұлғалар туралы да тап осы мұражайда кеңінен баяндалады. Әрине, бұл мұражайдың жұмысы осымен тоқтамай жалғасады. Сырт жерлерде жүрген көптеген жерлестеріміз естіп- білген сәттен өздері құнды мәліметтермен бөлісіп, үлесін қосатынына сенімдіміз. Алдағы уақытта көптеген косымша мәліметтерді жинақтап толықтырамыз. Жылдар өткен сайын өскелең ұрпақ өз ауылының тарихын біліп, туылған жеріне құрметпен қарап, өзінің үлесін тигізеді деген ойдамын. Ал, ауылының мақтанышына айналатын азаматтарымыз көп болса, еліміздің болашағы зор болатынына күмәніміз жоқ.
Жүргізуші мұғалімдердің нұсқауымен жүрген бір топ құрметті қонақтарымыз қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінен «Абайтану» кабинетіне айналған орынға да тақалды. Заман талабына сай жабдықталған Абайтану кабинетін аралаған қонақтар таң-тамаша қалды. Кабинет іші цифрлық бағытта жабдықталып, осы жүйеге көшкені белгілі боды. Адамзаттың ақылман абызы атанған Абайдың – қазақтың ұлы ақыны, дана да дара бас ақыны екенін білеміз. Оның асыл мұрасы – оның шығармалары. «Одан асқан бұрынғы соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», - деп ұлы Ахмет Байтұрсынов өткен ғасырда ұлы ақынға мәңгі өлмейтін баға берген екен. Кабинет меңгерушісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жалелова М.А. заманауи үлгіде жабдықталған ұлы ақынның қара сөздеріне шолу жасады, стендтің бергі беті ұлы ақынның кіндік қаны тамған Жидебай жерінің әдемі көрінісі болса, арғы айналмалы бетінде ақынның 45 қара сөзі жазылған. Абайдың қара сөздерінің шоқтығы биік ірі туынды екендігін, оны оқушы санасына сіңіру, ұлы ақынның ой-тағылымдарын кеңінен дәріптеу, әрине, біздің міндетіміз. Келесі кезекте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Рустембекова Г.К. табиғат лирикасына байланысты жасалған бұрышпен таныстырса, Мергалиева Б.Н. барлық ақпаратты тек бейнесі бар ұялы телефон арқылы ғана қол жеткізе алатынын, бейнежазбаға кіріп, «QR KOД» арқылы сканерлеп, бірден сілтеме арқылы сайтқа кіріп, толық ақпаратты ала алатынмәліметтер тақтасымен таныстырды. Барлық жәдігерлерді виртуалды түрде көруге мүмкіндік бар. Өз заманының талабына сай жасалып, безендірілген, барлық жиhаздарына дейін жаңадан жабдықталған кабинетте бүгінгі кештің ажарын аша түскендей.
Келесі кезекте Ұлы Отан соғысының ардагері Ш.Т.Көшкімбаев атындағы тарих кабинетіне де кезек келді. Жалпы Шақар Төлеубайұлы Көшкімбаев бұрынғы Қу ауданының тумасы, 1937 жылдың қыркүйек айынан бастап Қызыл әскер қатарына алынып, бір жылдан соң Қиыр Шығыста Хасан және Халкин-Гол көлінің маңында жапон басқыншыларына қарсы күреседі. 1939 жылдың мамырынан 1941 жылдың ақпан айына дейін Киев әскери округінде взвод командирі болған, 1942 жылы наурызда атқыштар ротасының командирі, оңтүстік майданда батальон командирі болып тағайындалды. Ал 1942 жылдың наурызы мен 1943 жылдың тамыз аралығына Закавказ майданында батальон командирі болып қызмет еткен. 1942 жылдың 26 мамырында 17-інші танк корпусы ретінде құрылған, атақты Кантемиров дивизиясының құрамында болды. 1943 жылдың тамызы мен 1944 жылдың шілде аралығында М.Фрунзе атындағы Әскери Академияның қысқартылған курсында оқыған. 1944 жылдың қыркүйегінен 1945 жылдың 22 желтоқсанына дейін Украин майданының 1-батальонының командирі болған. Ұлы Отан соғысы кезіндегі көрсеткен ерлігі үшін Шақар Төлеубайұлы «II дәрежелі Отан соғысы» орденімен, екі Қызыл жұлдыз орденімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Киевті қорғағаны үшін», «Праганы босатқаны үшін», «1941-0945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және 4 мерейтойлық медальмен марапатталған. Қазіргі Бұқар жырау ауданы (ол кезде Ульянов ауданы) Свердлов атындағы совхозда (Көкпекті ауылы) №28 селолық кәсіптік-техникалық училищеде 23 жылдан астам уақыт бойы директорлық қызмет атқарды. «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың көтергені үшін» медальдарымен марапатталған. «Кәсіптік –техникалық білім беру ісінің үздігі» құрметті атағына ие болды. Ауыл шаруашылығы үшін кадрлар даярлауға алға қойған міндеттерді абыроймен жүзеге асырғаны үшін 1976 жылы «Қазақ КСР-нің Алтын Құрмет Кітабына» есімі жазылды. Екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын алды. 2016 жылдың 15 сәуіріндегі Көкпекті ауылдық округінің әкімінің шешімімен Садовая көшесінің аты өзгертіліп, Шақар Төлеубайұлы Көшкімбаевтың аты берілді. 2016 жылдың 9-мамырында Көкпекті ауылының саябағында оған арналған ескерткіш тақта қойылды. Осы ауылдың өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосып, мақтан тұтуға лайықты қадірлі тұлғаның тағылымды өмірі жайлы осындай қысқаша дерек бере отырып, өскелең ұрпаққа рухани азық беріп, Отансүйгіштікке тәрбиелеу біздің мақсатымыз,- дейді тарих пәндерінің мұғалімдері Маликова М.А., Искакова Б.О., Қалмағанбетов А.
Кешіміздің соңғы бөлімі «IT сыныбына» да жақындаған қонақтар түрі мен түсі келіскен кабинеттің болашақта ЖОО мамандығына түсуге дайындай алатын перспективалы цифрлық технологияларды оқытатын сынып екендігіне көз жеткізді. Информатика пәнінің мұғалімі Хурмет Б. да бұл сыныпта робототехника, инженерлік жүйелерді жобалау, математика және логика саласындағы негізгі білім мен дағдылар берілетіндігінен хабар етті. Оқушылар әр түрлі бағдарламалау тілдерінде бағдарламалауды үйренеді және робототехника саласында өз жобаларын жасап, дарынын ұштайды. Инновациялық технологияны игеруге икемі бар жас таланттардың білімін арттырып, шеберлігін шыңдайды.
Міне, жеңістің өзі үлкен еңбектің жемісі емес пе? Еліміздің қаймағы бұзылмас бірлігіне, татулығына, өшпестей етіп із қалдыруға қосқан біздің үлесіміз осындай болды. Рухани азық, берері, тәлімі мен тәрбиесі мол осындай көлемді шараға қол ұшын берген демеушілерімізді де атап өткенді жөн көрдік. «RecyclingCompany» ЖШС бас директоры Рябинин Александр Геннадьевичке, «Сантехпром» өндірістік компаниясының бас директоры Крючков Владимир Алексеевичке, «ПромЭлектроСеть» ЖШС директоры Жалпаков Нуржан Жомартбековичке, жеке кәсіпкер Шаекин Руслан Михайловичке, Бұқар жырау ауданының кәсіподақ комитетінің төрайымы Хамитова Эльвира Карибаевнаға, Көкпекті ауылының әкімі Досмаков Айдын Төлеухановичке, «Көкпекті ЖББМ» КММ түлектеріне шын алғысымызды білдіреміз. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жұмашев Рымбек Мұратұлы тарих кабинетіне, сонымен қатар мұражайға да Бұқар жырау Қалқаманұлының жыр жинақтары жинақталған «Ұрпаққа ұлағат» кітабын сыйға тартты.
Болашақ ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, жұдырықтай жұмылып, үлкен істі атқарсақ еліміздің шын мәнінде «Мәңгілік Ел» болып қалатынына күмәніміз жоқ. Биылғы жылы тойланып жатқан Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тойы қарсаңындағы осы бір іс-шара Тәуелсіздіктің тойына тартар 30 игі ісіміздің бірі, біздің тартуымыз деп білеміз.
Тәуелсіздік – басты құндылығымыз. Тәуелсіз ел болуымыздың себепкері осы – Ұлы тұлғаларымыз. Алдымыздағы тәрбиелеп отырған оқушымыз сол Тәуелсіздіктің баға жетпес сыйы. Ендеше ұлттық мұрамызды, мәдени, рухани мұрамызды көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа таза күйінде жеткізейік!
Г.Жаймина,
Бұқар жырау ауданы
«Көкпекті ЖББМ» КММ директоры,Қарағанды облысы
-
Фотографии
-