ҰСТАЗДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ
Педагогтарға алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы табыс етілді. Мемлекет басшысының Жарлығымен 20-дан астам мұғалім білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін мемлекеттік марапатқа ие болды. Аталған марапаттың үшеуі Алматы облысындағы ұстаздардың еншісінде. Оның бірі – Сыдықжанова Жанар Сейтқалиқызы. Көксу ауданының тумасы. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Білім саласында 33 жыл еңбек өтілі бар. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі семинарларда тәжірбиесімен бөліскен.
Жанар Сейтқалиқызының еңбегін ескеріп, Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов арнайы барып, құттықтады. Білім саласында атқарған қызметін жоғары бағалап, өзге әріптестеріне үлгі болатын білікті де, білімді ұстазға ізгі тілегін білдіріп, облыстық ұйымның атынан «Жаркент-Арасан» шипажайына жолдама берді.
Cонымен қатар, облыстық ұйымның төрағасы Қ. Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының еңбек ұжымымен кездесіп, «Бастауыш кәсіподақ ұйымының жылына» орай ұйымдастырылып жатқан ауқымды шараларды таныстырды. Еңбек адамының құқығын қорғау мақсатында жасалынып жатқан жұмыстарды саралап, әлеуметтік әріптестік аясын кеңейтіп, ұстаздардың мәртебесін арттыру жолында барлық мүмкіндіктерді қарастырып жатқанын жеткізді.
Шара барысында жасөспірімдерді саналы білім беруде және спорттық шараларда белсенділік көрсеткен бірқатар мұғалімдерге облыстық, республикалық деңгейдегі марапаттар табыс етілді.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-