АҚТӨБЕЛІК ПЕДАГОГТАР ШИПАЖАЙЛАРДА ЕМ ҚАБЫЛДАДЫ
Білім кәсіподағы педагогтардың мүддесі мен құқығын қорғап қана қоймай, мұғалімдердің демалып, денсаулықтарын нығайтуына да жіті көңіл бөледі.
Әсіресе, пандемия кезінде иммунитетті көтеріп, санаторийлік ем қабылдау аса маңызды. Көктемгі каникул кезінде Ақтөбе облысының елу ұстазы Алматыдағы «Денсаулық» шипажайында демалып, ем-дом қабылдады. Бұл – мұғалімдердің мәртебесін көтерудің бір көрінісі.
«Денсаулық» шипажайы керемет таулы өлкеде, Есік қаласына жақын маңда орналасқан. Заманауи үлгіде, барлық талапқа сай жасақталған шипажайда демалушылар үшін барлық жағдай жасақталған.
"Мұнда түрлі ем қабылдайтын бөлмелер, фитнес залы, бассейн, концерт залы бар. Асхана қызметкерлері күн сайын тағам рационына өзгерістер енгізіп отырады. Таулы өлке, әсіресе, Шарын шатқалына, «Алтын адам» табылған Есік қорғанына, Түрген сарқырамасына саяхат жасаудың өзі бір ғанибет, денсаулыққа тигізер әсері мол. Осындай керемет жерде демалып, денсаулығымызды түзедік. Ғажайып демалыс сыйлаған Ақтөбе облысының білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымына, «Денсаулық» шипажайының қызметкерлеріне алғысымыз шексіз,-дейді ұстаздар.
Көктемгі демалыс кезінде Қарғалы ауданының ұстаздары Ақтөбе қаласындағы «Юкон» емдеу- сауықтыру орталығында болып, денсаулықтарын сауықтырып қайтты. Мұнда ұстаздар тұзды шахтада ем қабылдады. Бұл ем-шара теңіз жағалауында дем алғанмен пара-пар. Тұзды шахта зат алмасу процесін қалпына келтіріп, демікпе, бронхит, пневмония, аллергиялық ауруларды емдеуде және алдын алуға көмектеседі. Сондай- ақ шипажайда мұғалімдер емдік душ, массаж қабылдап, толық медициналық тексерістен өтті.
Ал Темір ауданының 15 мұғалімі "Сарыағаш-су" сауықтыру орталығында демалып, ем қабылдап келді. Санаторийдің негізгі емдеу тәсілі-минералды су болып табылады. Шипалы су созылмалы асқазан - ішек ауруларының алдын алып, емдейді. Сондай-ақ, өт жолдары, созылмалы бауыр аурулары, сусамыр, созылмалы колит, энтероколит, дисбактериоз сияқты бірнеше дертке дауа.
Ұстаздар: «Көктемгі каникул кезінде керемет демалыс сыйлаған кәсіподақ ұйымына алғыс білдіреміз. Осындай күрделі кезеңде тынығып, денсаулығымызды нығайтып, көтеріңкі көңіл күймен үйімізге оралдық. 4-ші тоқсанды жақсы қарқынмен бастағалы отырмыз. Педагог мәртебесінің көтеріліп, мерейінің өскенін, міне, айқын сезіндік»,- деген жылы лебізін жеткізді.
-
Фотографии
-