КӘСІПОДАҚТЫҢ ӨЗ ҰЖЫМДЫҚ ШАРТЫ БАР
Жуырда өткен Атқару комитетінің отырысында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы мен еңбек ұжымы арасында 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық шартқа қол қойылды.
Кәсіподақ қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдігі, еңбекақы төлеу, еңбекті қорғау, олардың денсаулығы мен сауықтыру шаралары қарастырылған құжатқа Кәсіподақ төрағасы Е.Мағзымбеков, құрылтайшысы Кәсіподақтың облыстық ұйымы болып табылатын «Қорғау-Тараз-2005» және «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС-і басшылары мен жергілікті кәсіподақтың бастауыш ұйымының төрайымы Ә.Джолшыбекова қол қойды. Енді алдағы 3 жыл бойы кәсіподақ қызметкерлерінің еңбек қатынастары ұжымдық шарт арқылы реттелетін болады.
- Осыған дейін кәсіподақ ұйымы мен еңбек ұжымы арасында 2018-2020 жылдарға арналған ұжымдық шарт өзінің өміршеңдігін көрсетті. Ұжымдық шарт арқылы қызметкерлер қауіпсіз еңбек құқығы, жұмыс бабымен көтерілу, лайықты еңбек ақы және ақылы еңбек демалысы сынды игіліктерге қол жеткізді. Бүгін жұмысберуші ретінде жаңа ұжымдық шартқа қол қоя отырып қызметкерлер үшін бұдан да артық көрсеткіштерді орындауға міндеттенемін, - деді қол қою рәсімінде жергілікті кәсіподақ төрағасы Е.Мағзымбеков.
Төраға айтып өткендей, ұжымдық шартта расымен де кәсіподақ қызметкерлерінің еңбек және тұрмыстық жағдайларын жақсартуға зор мән берілген. Енді ұжым мүшелеріне біліктіліктерін көтеруде ерекше жағдай жасалып, кейбір шығындар жұмысшы есебінен төленетін болады. Қызметкерлерге некеге тұруына байланысты, нәрестелі болғанда немесе бала асырап алғанда, мерейтойларда, жақын туыстары қайтыс болғанда материалдық көмек қарастырылған. Ал зейнетке шығатын қызметкерлерге лауазымдық жалақы көлемінде көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, үш жасқа дейінгі, мектеп жасындағы баласы бар ата-аналарға да ерекше жеңілдіктер бар.
Қол қою рәсімінен соң бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Әлия Джолшыбекова басты құжатта екі тараптың да өзара қарым-қатынастары нақты көрсетілгенін, соның ішінде жұмысшылардың да белгілі бір міндеттемелері бар екендігіне ерекше тоқталды. Құжат мазмұнына сәйкес кәсіподақтың әр қызметкері өзінің тікелей қызметтік функциясын сапалы әрі жоғары деңгейде орындап, ішкі еңбек тәртібін сақтауға, өз шеберліктерін үнемі шыңдап отыру мен заман талабына сай жұмыс істеуге міндетті.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы
-
Фотографии
-