КӘСІПОДАҚ - ДӘСТҮРЛІ ІСТЕРДІҢ ДӘНЕКЕРІ
Наурыз – көктемгі жаңарудың, ақ пейіл мен ізгі ниеттің, бірлік пен татулықтың бастауы. Жыл жаңаруы өтпелі уақытты саралап, қайырымдылық пен қамқорлықты еселейтін кезең. Наурыз айы Алғыс айту күнімен бастау алады. Бұл күні - қиын-қыстау заманды иық тіресе бірге еңсеріп, Тәуелсіз мемлекетті құру жолында аянбай еңбек етіп, тер төккен қазақстандықтардың бір-біріне алғыс айтып, құрмет білдіретін күн.
Білім кәсіподағы сала қызметкерлеріне қолдау көрсету дәстүрінен жаңылған емес. Атап айтқанда көңілде ерекше із қалдырар дәстүрге айналған шара биыл да жүзеге асырылды. Басты мақсат - оқу орындарындағы кіші қызметкерлердің еңбектерін бағалау, жастар арасында табыстың еңбекпен келетінін кең көлемде дәріптеу. «Шын жүректен алғыс айтамын!» тақырыбымен жалғасқан акция барысында жоғары еңбек өкілдері - кіші қызметкерлерге қолдау білдіріп, олардың қиын да күрделі еңбектеріне алғыс айтылды. Шараға әр өңір бойынша білім кәсіподағы жанынан құрылған жастар кеңесінің белсенді жас ұстаздары қатыстып, жоғары деңгейдегі ыстық ықыласқа бөленген кездесу болды.
Әрі қарай Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында «Наурыз жылуы» акциясы жалғастырылды. Мұндағы мақсат - білім саласының кәсіподақ мүшелеріне көмек көрсету, қамқорлықты қажет ететін отбасыларға жәрдемдесу. Бүгінгі күні ұйымның бастамасымен Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда осы санаттағы 600 – ден астам отбасыға азық- түлік таратылды. Бұл ізгі амалдар мен қайырымдық шаралары алдағы уақыта жүйелі жүзеге асырыла бермек. Бір-бірімізге сый-құрмет көрсетіп, жақсылық жасауға асығатын игі дәстүріміз толастамасын. Біз біргеміз!
Қызылорда облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымы
-
Фотографии
-