«ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ?»
Бүгін осындай атаумен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» ҚБ аймақтың білім беру мекемелеріндегі 40-қа жуық бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларымен онлайн байланысқа шықты. Тікелей байланысты облыстық ұйымның төрағасы Қ.Сүндетұлы кіріспе сөз сөйлеп, ашты. Ол өз сөзінде ҚР Кәсіподақтар Федерациясы «Қалың қалай, бастауыш кәсіподақ ұйымы?» атты республикалық акцияны жариялағанын хабар етті. «Акцияның негізгі мақсаты – әрбір бастауыш ұйымымен кездесу, озық тәжірибелерді біріктіру, жергілікті және жүйелік деңгейдегі проблемаларды анықтау, аймақтық кәсіподақ белсенділеріне қолдау көрсету», - деді.
Міне, осы бағытта айтылған бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағалары тарапынан болған ұсыныс-пікірлерді де ортаға салды. Атап айтқанда, Мақат ауданы М.Баймұханов, Индер ауданы Жамбыл атындағы, Махамбет ауданы Қосарал, Исатай ауданы Өркен, Қызылқоға ауданы Тасшағыл орта мектептерінің, Жылыой ауданы «Қызғалдақ» балабақшасының және Құрманғазы ауылшаруашылығы колледжі ұйымдарының төрайымдары сөз сөйледі.
Кездесуде барлық кәсіподақ көшбасшыларын «Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы І.Баймұханов құттықтады.
Мәжілісті қорытындылаған Қ.Сүндетұлы 2021 жыл – «Кәсіподақтың бастауыш ұйымының жылы» аясында іске асырылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Сөз соңында облыстық ұйымға қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 60 жетекшісін пандемияға қарсы күресте еріктілер сапында белсенділік көрсеткендері үшін және 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні және 22 наурыз – Наурыз мерекесіне орай сыйақылармен марапаттағанын мәлімдеді.
«Ұстаздық еңбек»