ЕҢБЕК АДАМЫНА – ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ
Кәсіподақтың Шу аудандық комитеті Алғыс айту күні аясында «Еңбек адамына – ерекше құрмет» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Акция аясында Шу аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшысы М.Жинақбаева мен аудандық кәсiподақ ұйымының төрайымы А.Бекмурзина бiлiм мекемелерінде жұмыс істейтін кiшi қызметкерлердi марапаттап, оларға аудандық білім бөлімі мен кәсiподақ ұйымының қорынан әлеуметтік себеттер табыстады.
Ал Кәсіподақтың Меркі аудандық комитеті бұл күні бар ғұмырын бала оқытып, шәкірт тәрбиелеуге арнаған ардагер-ұстаздарды марапаттады. Уақытында кәсіподақ жұмысына белсене атсалысып, үлес қосқандары үшін аудандық комитет төрайымы Мадина Асанжанова бастаған бүгінгі кәсіподақ белсенділері ардагерлерге алғыс айтып, сыйлықтар табыс етті.
Қордай аудандық білім бөлімінің маман-есепшілері мен экономистері де бұл күні зор алғысқа ие болды. Кәсіподақтың аудандық комитетінің төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева төзімділік пен табандылықты қажет ететін мамандық иелеріне алғыс айтып, әрқайсысын ерекше сыйлықпен атап өтті.
Бұл күннің шапағатын Тұрар Рысқұлов ауданының білім мекемелерінде ұзақ жылдар қызмет істеп келе жатқан көп балалы, аз қамтамасыз етілген, әлеуметтік әлжуаз топқа жататын қызметкерлер де сезінді. Кәсіподақтың аудандық ұйымы Алғыс айту күніне орай «Мейірімділікпен бірлікке!» тақырыбында акция өткізіп, барлық мүшелік ұйымдардың хаттамалық шешіміне сәйкес кәсіподақ мүшелеріне (барлығы 70 адам) материалдық көмек көрсетті. Кәсіподақтың жастар қанаты мүшелерінің белсенділігі нәтижесінде акция жоғары деңгейде өтіп, барлық марапатталушы қызметкерлер кәсіподақ төрайымы А.Баймұратоваға да алғыстарын жаудырды.
Осылайша өз әріптестерінен жақсы сөз бен жылы тілек естіген ұстаздар мен қызметкерлер ел дамуы жолында аянбай еңбек етуді еселей түспек. Себебі, әр адамның алғыс пен ризашылықты естіген сайын жақсылық жасағысы келіп тұрады емес пе?!
Б.Бекназаров,
Жамбыл облысы
-
Фотографии
-