ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
20 ақпан - Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні. Атаулы күн 2009 жылдан бері БҰҰ Бас Ассамблеясының бастамасымен жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді.
Осыған орай, Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Әйелдер істері жөніндегі Комиссиясының төрайымы, аудандық маслихаттың депутаты Әсем Ильясова еңбекпен толық қамтамасыз ету, лайықты жұмыс тауып беру мақсатында қоғамдық қабылдау ұйымдастырды.
Оған Кербұлақ аудандық филиалының төрағасы Жақан Дуанаев, аудандық жұмыспен қамту орталығының жоғарғы деңгейдегі квалификациялық маманы Айнұр Мамырова және Сарыөзек ауылының тұрғындары қатысты.
Қоғамдық қабылдау туралы әлеуметтік желілер арқылы аудан орталығының жұртшылығы хабардар етілді. Білім беру мекемелерінде бос жұмыс орындарын аудандық кәсіподақ филиалы мен жұмыспен қамту орталығы алдын-ала анықтады. Нәтижесінде қоғамдық қабылдауға келген Салтанат Койчубекова «Айсана» балабақшасына тәрбиеші болып орналасты.
Ал, Айдана Жетпісбай мен Інжу Алмас аудандық жұмыспен қамту орталығының 2017-2021 жылдарға арналған бағыты бойынша ақылы қоғамдық жұмыспен қамтамасыз етілді. Аудандық кәсіподақ пен білім бөлімінің арасында жасалған әлеуметтік әріптестік негізінде ауыл тұрғындары енді аудандық білім бөлімінде тәжірибелерін шыңдайды.
Аталған шара аудандық, қалалық филиалдарда жалғасын тауып, білім саласы бойынша жоғары және арнаулы білімі бар жастарды жұмысқа тарту жұмыстары жанданатын болады.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-