КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Бүгін Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бастамасымен еңбек шарттарын бірыңғай жүйеге енгізу бойынша жұмыс берушілерге арналған оқыту семинары өткізілді.
Оқыту семинарына аудандық, қалалық білім бөлімдеріндегі кадрмен жұмысқа жауапты мамандар, мектеп және колледж директорлары, балабақша меңгерушілері, жалпы саны 500 адам қатысты.
Бейнебайланыс арқылы ұйымдастырылған жиынды облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы М. Төлепбергенов ашып, құжаттарды электронды форматқа көшіру заман талабы екенін айтып, «Еңбек мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңымен Еңбек кодексіне «еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» енгізілгенін жеткізді.
Салалық кәсіподақтың Орталық аппаратының HR-менеджері Ғ. Айкумбаева еңбек шарттарын Enbek.kz порталына енгізу процесін жан-жақты түсіндіріп берді. Жұмыс берушілерге Enbek.kz порталында жұмыс істеу жолдары көрсетілді.
Білім беру мекемелері қызметкерлерінің құжатты ЕШЕАБЖ-не тіркеу туралы туындаған сұрақтарына толыққанды жауап берілді.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі