БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МӘЖІЛІСІ
Ағымдағы жылдың 3 ақпан күні Жамбыл облысы білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиында өткен жылдың жұмыстары қорытындыланып, 2021 жылы атқарылатын жұмыстар мен міндеттемелерді іске асыру жолдары пысықталды. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен мәжіліске құқық қорғау органдарының, білім саласын бақылау департаментінің, кәсіподақтар мен ата-аналар комитетінің өкілдері, білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары қатысты. Мәжіліске бейнебайланыс арқылы да қатысқандардың алдында ссепті баяндаманы облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова жасады.
Белгілі болғандай, Жамбыл облысында 2020 жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 190,8 млрд теңге бөлінген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 57 млрд.теңгеге артық. Облыс мектептерінде 26 632 педагог (пән мұғалімдері) қызмет етеді. Оның ішінде 24 656 (99,5%) педагог жоғары білімді. 40 мыңнан астам педагогтің еңбекақысының 25% ұлғаюына байланысты республикалық бюджеттен 20,6 млрд. теңге қаражат бөлінген. Педагогикалық-шеберлік санаты үшін 14286 мұғалімге 30-50 пайыз қосымша ақы төленуде. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 23 989 педагогтың лауазымдық жалақысына 30 пайыз қосымша үстемақы қосылған.
Қашықтан оқыту жағдайында облыстық оқу-әдістемелік кабинеті ұстаздардың біліктілігін арттыру, әдістемелік көмек көрсету мақсатында 2020 жылы 196 іс-шара өткізіп, оған облыстағы 21 418 (81,8%) педагог қамтылған. Мұғалімдердің жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында Youtube желісінде 18 канал ашылып, үздік педагогтардың 736 бейне сабағы орналастырылған. «Үздік педагог-2020» республикалық конкурсында 4 ұстаз жеңімпаз атанып, 2 778 000 теңге қаржылай сыйақының сертификатына ие болған.
- Облыстағы 3 апатты мектептің мәселесі 2021-2022 жылдары 3 жаңа құрылыс жүргізу арқылы, үш ауысымды 6 мектептің мәселесі 2021-2022 жылдары 5 жаңа мектептің құрылысы және 1 жапсарлас құрылыс есебінен шешіледі. Ал орын тапшылығы бар 6 мектептің мәселесі 2021 жылы салынатын 4 жаңа мектептің құрылысы арқылы шешіледі деп жоспарлануда, - деді Гүлнар Махақызы.
Облыстың бас мұғалімнің мәліметі бойынша былтыр облыстағы 285 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары мен санитарлық тораптарды орнату үшін 1,1 млрд.теңге қарастырылған. Бүгінгі күні барлық мектептің санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары аяқталған. Жалпы облыстағы мектептер санитарлық тораптармен 100% қамтамасыз етілген.
Алқалы жиын барысында бұдан бөлек мектепке дейінгі тәрбие, орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру салаларындағы маңызды мәселелер, мұғалім мәртебесі, бала тәрбиесі мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық сынды өзекті тақырыптар көтеріліп, құзырлы мекемелер мен ұйым басшылары өз ұсыныстарын жеткізді.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы
-
Фотографии
-