АҚТӨБЕДЕ ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ
Салалық кәсіподақ жұмысы педагогтардың құқығын қорғау, еңбек қатынастарын реттеумен шектелмейді. Кәсіподақ үздік ұстаздардың еңбегін бағалап, ынталандыруды да игі үрдіске айналдырған.
Өткен жылы мемлекеттік, кәсіби мерекелер қарсаңында өңірдің мыңдаған мұғалімі марапатталып, оларға қаржылай қолдау көрсетілді. Дәстүрлі шара биыл да жалғасын тапты.
2020 жылдың қорытындысы бойынша білім саласында жемісті еңбек еткен 100-ден астам ақтөбелік педагог Ақтөбе облыстық білім қызметкерлерінің кәсіподағы және облыстық білім басқармасының алғыс хатына ие болып, қаржылай сыйақымен марапатталды.
ZOOM платформасында өткен салтанатты шарада әлеуметтік әріптестікті жолға қойған аудандық білім бөлімінің басшысы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» белгісіне 2 бірдей кәсіподақ көшбасшысы лайық деп танылды. Өңір ұстазы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Республикалық «Ұстаз мүддесі- кәсіподақ назарында» атты журналистер байқауында бақ сынаған «Аqtobe» телеарнасының тілшілері салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасына ие болды. Педагогтарға жыл он екі ай үздіксіз құқықтық көмегін аямаған облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының құқықтық еңбек инспекторы ҚР Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Марапат иелерін салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Ақтөбе облыстық ұйымының төрайымы Раушан Серікова құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі:
«Бүгінде кәсіподақ ұйымдарына артылар жауапкершілік жоғары. Өйткені, қызметкер өзін қорғай алатын, сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап, мұңын бөлісе алатын, жұмыс берушіге ықпал ете алатын күшті құрылымның қатарына саналы түрде кіріп, қолдайды. Осы бағытта Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының атқарып жатқан жұмыстары аз емес. Мәселен, «Педагог мәртебесі туралы» Заңды алайық. Ұстаз мәртебесін көтеріп, мүддесін қорғайтын маңызды құжаттың қабылдауына Салалық кәсіподақтың қосқан үлесі зор. Қазіргі таңда әлеуметтік әріптестік туралы келісім мен ұжымдық шарттардың нәтижесінде қол жеткен кепілдіктер мен жеңілдіктерді өңіріміздің мыңдаған қызметкері сезінуде. Осы салада жемісті жұмыс жасап келе жатқан әріптестеріме, аймақтың білім саласын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген ұстаздарға алғысымды білдіре отырып, жұмыстарыңызға толағай табыс, дендеріңізге саулық тілеймін,- деді ол.
Шараға, сонымен қатар, Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Г.Сүлейменова, білім басқармасының бөлім басшысы Қайрат Алдажаров, бас маман Ерлан Маемиров қатысып, ұстаздарға жылы лебіздерін білдірді. Марапаттау рәсімінен соң барлық қатысушыларға құқықтық кеңес берілді.
-
Фотографии
-