ҰЖЫМДЫҚ ШАРТЫ БАРДЫҢ ҰПАЙЫ ТҮГЕЛ
Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы байланысты тереңдетіп еңбек жағдайын жасау, қауіпсіздік техникасын сақтау, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді ұсыну сияқты еңбек қатынастарын реттеудегі басты құжат – ұжымдық шарт. Өткен жылы Жамбыл облысы бойынша білім және ғылым саласында 1 аймақтық Келісім, 779 білім мекемесін қамтыған 12 бірыңғай ұжымдық шарт, 17 еңбек ұжымында дербес ұжымдық шарт түріндегі әлеуметтік әріптестік актілері қолданыста болды. Бүгінде аталған әлеуметтік әріптестік актілері мерзімінің аяқталуына байланысты жаңа құқықтық құжаттар қабылдау, оларға қол қою рәсімдері жүргізілуде.
Ең алғашқы болып өткен жылдың 30 желтоқсан күні облыстық білім басқармасы мен Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы арасында 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімге қол қойылды. Аталған Келісім 2021 жылдың 14 қаңтарында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде №186 болып тіркеуден өтіп, қолданысқа енді.
Облыстық білім басқармасына қарасты барлық білім мекемелеріне таралатын ұжымдық шарттардың негізін қалайтын Келісімнің қабылдануымен филиал мәртебесіндегі ұйымдар да ұжымшарттық жұмысты жандандыра түсті. Қазіргі уақытта кәсіподақтың Біріккен комитеті, Т.Рысқұлов, Байзақ, Жуалы, Шу және Сарысу аудандарында білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ ұйымы арасында ұжымдық келісім шарттарға қол қойылып, облыс әкімдігінің Еңбек инспекциясында тіркеуден өтуде.
- Облыстық Келісімде көрініс тапқан кепілдіктер, жеңілдіктер мен әлеуметтік нормалар ең шекті немесе төменгі норма болып табылады. Сондықтан да, олар бүгінде қабылданып жатқан қалалық және аудандық келісімдер мен ұжымдық шарттардан алынып тасталмайды немесе төмен бола алмайды. Осындай нормалар енгізу арқылы біз биылғы бастауыш кәсіподақ ұйымының жылы аясында бастауыш ұйымдар мен олардың жетекшілерінің беделі мен абыройын көтеру, олардың жұмыс берушілермен тең дәрежеде келіссөздер жүргізіп, еңбек және әлеуметтік мәселелерді ушықтырмай шешу мүмкіндіктерін қарастырдық, - дейді жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков.
Өңірде қабылданған әлеуметтік әріптестік туралы барлық құқықтық құжаттар Еңбек кодексінен бастап барлық заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес кәсіподақ мүшесі болып табылатын сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға, оларға қосымша әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби кепілдіктер, жеңілдіктер мен артықшылықтар, оңтайлы еңбек жағдайларын жасауға бағытталған. Бұл игілікті шара алдағы уақытта облыстың өзге аудандарында да жалғасатын болады.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы
-
Фотографии
-