ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ЖӨНІНДЕГІ ОБЛЫСТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы арасындағы әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық салалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жұмыс беруші тараптан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жамиля Бекбатырова, кәсіптік одақтар атынан Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бастаған комиссия мүшелері күн тәртібіне шығарылған бірқатар мәселе қарады.
Комиссия қарауында негізгі мәселе ретінде Меркі ауданы Гранитогор ауылындағы «Көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернаты» КММ-нің жұмысын ұйымдастырумен байланысты туындаған мәселені құқықтық реттеу сұрағы болды. Бүгінде мектеп-интернатта бала болмағанымен штаттық кесте бойынша 94 қызметкерге жалақы төленуі қажет. Олардың 15-і мұғалім, 15-і тәрбиеші, қалғаны медициналық, әкімшілік және шаруашылық бөлімінің қызметкерлері. Барлық қызметкерлерге қысқарту жүргізілетіні туралы хабарламалар 15 қаңтар күні берілген. Осы ретте, комиссия қарауына 2021 жылдың 1 қаңтарынан 15 ақпанға дейінгі қызметкерлердің еңбек ақысын төлеу мәселесі ұсынылды.
Комиссия мүшесі Жанболат Орынбеков мектеп-интернаттағы педагогтардың 2021 жылдың 1 қаңтарынан 15 ақпан аралығындағы еңбек ақысын апталық жүктемелерін заңмен көзделген мөлшерлі 18 сағат көлемінде белгілеп, бос тұрып қалу түріндегі еңбек режимін рәсімдеп, төлемді Ұжымдық шарт талаптарына сәйкес жүргізуді ұсынды. Келіссөздер мен пікір алмасулар нәтижесі бойынша ҚР Еңбек кодексінің 148 бабы 1 тармағын басшылыққа ала отырып әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық салалық комиссиясы мектеп-интернаттың қызметкерлерін бос тұрып қалу түріндегі еңбек режиміне рәсімдеп және төлемді Ұжымдық шарт талаптарына сәйкес жүргізуді, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 15 ақпан аралығында қамтылатын оқушылардың, сәйкесінше класс комплектілер санының белгісіз болуына байланысты педагогтардың (мұғалімдерінің) апталық жүктемелерін заңмен көзделген мөлшерлі 18 сағат көлемінде белгілеуді шешті.
Ал қысқартылатын штаттық бірліктерді және қызметкерлерді анықтау, еңбек шарттарын бұзуды ҚР Еңбек заңдылығына сәйкес рәсімдеу, қысқартуға түсетін қызметкерлердің жұмысынан айырылуына байланысты берілетін өтемақы төлемдерін толық мөлшерде төлеуді мектеп басшылығына жүктеді. Сонымен бірге, мектеп әкімшілігін Қордай, Мойынқұм, Шу және Меркі аудандарының білім беру ұйымдарынан көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларын мектеп-интернатқа келу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуге міндеттеді.
Комиссия отырысында бұдан бөлек Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты «Балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебі», «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы», «Оқу-әдістемелік кабинеті», «Білім берудің біріңғай ақпараттық жүйесі орталығы» және «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің штаттық кестелерін бекіту туралы мәселе талқыланып, бекітілді.
П.Бақыт,
Жамбыл облысы
-
Фотографии
-