АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАС ҰСТАЗДАРЫ БАС ҚОСТЫ
Бүгін Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жанынан құрылған жастар Кеңесінің отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде Жастар Кеңесінің 2020 жылы атқарған жұмысын қорытындылау және 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының енгізген жастар Кеңесінің Ережесіндегі өзгерістер туралы және ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Онлайн форматта өткізілген жиынға облыстық ұйымның төраға орынбасары Болат Тұрысбеков, аудандық, қалалық филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымындағы жастар Кеңесінің төрағалары мен кәсіподақ мүшелері қатысты.
Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов Салалық кәсіподақтың 2020 жылдың 25 қарашасында өткен Атқару комитетінің №8,3 қаулысына сәйкес Жастар істері жөніндегі кеңесінің Ережесіне өзгерістер енгізілгенін айтып, жастар Кеңесінің құрамын қайтадан жасақтады. Өзіне берілген өкілеттік негізінде жастар Кеңесінің төрағасы лауазымына облыстық ұйымның бас маманы Маржан Жұмабектің, төраға орынбасары ретінде облыстық ұйымның маманы Дархан Шакеновтың, хатшылыққа Гүлзат Құрбанбаеваның кандидатурасын ұсынды. Жоғарыдағы тұлғалар көпшіліктің қолдауына ие болып, аталған лауазымдарға сайланды.
Жиында облыстық ұйымның бас маманы Маржан Қайратқызы баяндама жасап, 2020 жылы атқарылған жұмыстармен таныстырды. Облыс көлемінде жастар Кеңесінің отырысы тұрақты ұйымдастырылып, онлайн түрде байқаулар өткізілгенін, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталғанын жеткізді. Кәсіподақ тарапынан жергілікті жоғарғы оқу орынында білім алып жатқан екі студентке шәкіртақы уақытында берілгенін айтып, қайырымдылық акциялары да назардан тыс қалмағанына баса назар аударды. Қажеттіліктеріне қарай жас ұстаздарға уақытында көмек көрсетілгені де тілге тиек етілді. Сонымен қатар 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын таныстырды.
Алматы облысы жастар саясаты жөніндегі басқарманың әкімшілік-құқық бөлімінің бас маманы Әйгерім Серікқызы жастар орталығының атқаратын жұмыстарын таныстырып, жақында жасалған қос тараптың меморандумы жайында айтты. Бірқатар ұсыныстарымен бөлісті.
Жастар Кеңесінің отырысына қатысушылар өзара пікір алмасып, қажетті шешімдер қабылдады.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-